Қазақстан мектептерінде «соңғы қоңырау» соғылды

2013 жылы 11 сыныпты бітіріп жатқан түлектердің саны 143 мың. Бұл туралы Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің Баспасөз қызметі хабарлады.

2012 жылы түлектердің саны 163 мың болған еді.

«Бүгін мектептерде мерекелік жиындар, мерекелік концерттер, жалпы мектептер қатысатын спорттық шаралар, «Ағаш отырғыз» акциялары, ашық есік күндері өтілуде» делінген хабарламада.

Ұлттық Бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 99 815 түлек өтініш берген (2012 жылы – 117 333 түлек болған еді). 2012-2013 оқу жылының есебі бойынша, «Алтын белгіге» үміткерлер саны 4678 түлек (2012 жылы – 5840 түлек болған).  

2013 жылы 25 мамырда Астана қаласының Оқушылар сарайында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен «Триумф» атты дарынды балаларға арналған бал өтеді. Балға Астана қаласының мектептерінен 2012-2013 оқу жылының республикалық және халықаралық байқаулары мен олимпиадаларында жеңімпаз атанған түлектер қатысады.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: shymkent.otyrar.kz