Шетелде білім алуды көздейтін студенттер бірінші кезекте сол елдің білім беру деңгейіне, экономикалық әлеуетіне баса назар аударады. Қазақстандық студенттердің көбі қазір қытайлық оқу орындарын артық секемсіз таңдап жатыр. Оның негізгі себебі әрі ұйытқысы Қытайдағы өзіндік өркениет, сонда оқып қайтқан және әлі де білім алып жатқан студенттердің пікірі мен тәжірибесі. Бүгінде аспан асты елінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер Қытай жайлы, қытайлық білім жүйесі жайлы өз ойларменбөлісті. Қытайда білім жоғары бағаланады Абылай хан атындағы Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің студенті Елгелді Сая шетелге ауысып оқыту бағдарламасымен Минзу университетінде білім алып жатыр. Ол өзінің Қытайдағы жай-күйі жайлы былай баяндады: Мектеп кезінен шетелде білім алу арманым еді, сол балалық арманның шын мәнінде жүзеге асқанына әлі күнге дейін сене алмадым. Міне, Қытайда ауысып оқыту бағдарламасымен білім алып жүргеніме жарты жыл уақыт өтті. Басқа мемлекет, басқа орта, өміріңе үлкен бір өзгерістің енуі ол өмірге деген көзқарасыңды өзгертуіңе алып келеді екен. Жарты жыл біреуге аз, біреуге көп болып көрінер, бірақ осы уақыт аралығында ой-өрісім әлдеқайда кеңейді. Ал Қытай Халық Республикасының білім беру жүйесіне келер болсақ, Қытайда білім жоғары бағаланады. Білім әрдайым ұлттық құндылықтармен бірге алдыңғы қатарға шығады. Шетел студенттерінің келіп білім алуын Қытай мемлекеті маңызды санайды, себебі мұндағы оқу орындары халықаралық стандарттармен санасады және оны негізгі приоритетке қояды, - дейді Сая. 19 жастағы алматылық Айдана Әшірова Халықаралық қазақ-қытай колледжін үздік дипломмен тәмамдаған. Жақсы оқып, колледж қабырғасында белсенділік танытқаны үшін оны бір жылға Қытайға білім мен тәжірибе алмасуға жіберіпті. Айдананың айтуынша, Қытайда бір шоколадтың өзі пара болып саналады екен. Айдана Әшірова Southwest University-де. Сурет жеке мұрағатынан Чунцин Қытайдағы ең ірі қала. Онда Southwest University-де бір жыл білім алдым. Түсінгенім, Қытайдағы мұғалімдер баланы оқы деп қинамайды. Оқитын балаға көмектесіп, оқығысы келмейтіндерге тиіспейді. Ал білім беру деңгейі өте жоғары, мұғалімдер жан-жақты, студенттерге адал қарайды. Бір күні анам қазақстандық шоколадтар жіберген, мұғалімім біздің өнімнен ауыз тисін деп беріп едім, алмай қойды, болмайды деп. Мұнда тек таза білім бағаланады, - дейді ол. Стереотиптердің көбі өтірік Қазақстандық қыз енді Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Jinan университетіне 4 жылға білім беру грантын жеңіп алыпты. Мамандығы аудармашы. Айдананың айтуынша, ол айына 125 мың теңге шәкіртақы алады. Университетке түсу үшін алдымен HSK тестін тапсыру керек. Ол қытай тілінің деңгейін тексеретін сынақ. Оның 3,4-ші деңгейінен өтсе бакалаврға, ал 5 немесе 6 деңгейін еңсерсе магистратураға түсуге болады екен. Қытайдағы көше аспазы Қытайлықтарға қатысты қалыптасқан стереотиптердің көбі өтірік. Олар мүлдем құрт-құмырсқа жемейді. Бұл қазақстандық қыздың сөзі. Отанда жүргенде жанымдағы адамдар қытайлар құрт жейді, қаласы кір, сасық, қауіпті дейтін. Шынымды айтсам, бойымды үрей биледі. Бірақ барлығын өз көзіммен көргенде, оның бәрі жалған екенін түсіндім. Бір жыл тұрып құрт жеген қытайлықты байқамадым. Олар да біз секілді, қарапайым тағамды тұтынады. Ащы жасалатыны болмаса... Оған да үйреніп кетеді екенсің. Мен тұрған қалада қауіпсіздік деңгейі өте жоғары. Түнгі сағат екі-үште үйден шықсаң да біреу далада тиіседі деп қорықпайсың. Қала да үлкен, тап-таза, әдемі ғимараттар мен орындар көп. Көшелер көгалдандырылған, пальма, банан өсіп тұрады. Чунцинде қыс, күз болмайды екен. Ауа райы түсініксіз. Ыстық, ауасы ылғалды. Біресе жаңбыр сіркіреп жауса, ал бірде күн ысып кетеді. Ал кейде суытады. Күн жоқ болса да дала жап-жарық көрінеді, - дейді Айдана. Қазақстандық қыздың айтуынша, қытайлар өте қарапайым және әдепті. Қалаға алғаш келгенде қытайша мүлдем білмейтінбіз. Бір күні SIM-карта орнататын жерге баруым керек болды. Екі қытай қыздан жол сұрадық, олар білетінін айтып, бізді таксиге отырғызып, ақысын төлеп, бізбен бірге орнататын жерге барып, жұмысымызды аяқтауға көмектескен. Сол кезде қытайлықтарға риза болғанмын. Негізінен жергілікті тұрғындар ашық-жарқын, әдепті, әсіресе шетелдіктермен сөйлескенді жақсы көреді. Қазақтарға жақсы қарайды, бір нәрсе сұрасаң қашпайды, барынша көмектесуге тырысады. Көшеде абайсызда қағып кетсең, қабақ шытпайды, оның орнына өздері екі-үш реттен кешірім сұрап, ұялтады. Ешкімнен дөрекілік байқамаппын, - дейді Айдана қытайлықтарға баға беріп. Қытайдағы шыны көпір. Айдана Әшірованың жеке мұрағатынан. Олар адамның сыртқы келбетіне қарамайды. Өздері де қарапайым киінеді. Бірде мұғалімім әдемі көйлекпен резеңке сланцы киіп алыпты. Олар көбіне ақшасын пәтерге немесе көлік алуға жұмсайды.Қытайда студенттік өмір қызық. Бұл көпұлтты университет еді. Соған байланысты түрлі шаралар ұйымдастырылып тұратын. Мысалы, әр ұлттың киімі көрсетіліп немесе ұлттық биден жарыс болатын. Халықаралық ынтымақтастық мерекесі де тойланады. Тай аруы байқауына да қатысқанмын, - деп еске алды Айдана. Қытайдағы білім өте жоғары Ал 21 жастағы Ерасыл Құсманов қытайдың Гуанчжоу қаласында бизнес және экономика мамандығы бойынша білім алады. Оның айтуынша, қытайда білім жүйесі жақсы құрастырылған. Қытайда оқу ыңғайлы. Тек жоғары маманданған мұғалімдер сабақ береді. Артық пәндер жоқ, тек мамандығың бойынша оқисың. Сол себепті оқумен қатар қосымша жұмыс істеуге болады, спортпен айналысып, достарыңмен қыдырғанға да уақыт қалады, - дейді ол. Ерасыл Құсманов Бейжің қаласында, Tiananmen. Instagram Ерасылдың айтуынша, шетелден келген студенттерге қосымша жұмыс табу оңай. Бірақ заң бойынша, студенттерге жұмыс істеуге болмайды екен. Менің білуімше, барлық дерлік студент қосымша жұмыс істейді. Бірі ағылшын тілінің мұғалімі, аудармашы, сату жөніндегі менеджер немесе түрлі бар, клубтар мен түсірілімдерде істеуге болады. Бұл заңға қайшы болса да, шетелдік студенттер үшін мұнда жұмыс көп. Себебі олар бірнеше тіл біледі. Қытайда түрлі адаммен танысқан ұнайды. Онда әрдайым жаңа нәрсе үйренуге болады және өзіңді дамытуға барлық жағдай жасалған, - дейді ШҚО тумасы. Ерасыл Құсманов Қытадың Гуанчжоу қаласында. Instagram Таңғаларлық болса да, маған қытай тағамдары ұнады. Әсіресе кантон және хунан тағамдары. Хунан балық пен күріш жері деген мағынаны білдіреді, ал кантон Қытайдың негізгі сегіз ас дәстүрінің біріне кіреді. Гуанчжоуда тұрғындар таңғы шәйді (заоча) өте жақсы көреді. Шәйді тәттілермен бірге ішеді. Ол қытайлықтардың дәстүріне айналған, - дейді Ерасыл. Ал 24 жастағы талдықорғандық Әселдің Қытайда білім алып жүргеніне 7 жыл болды. Қазір күйеуімен бірге Бейжіңдегі Beijing Jiaotong daxue (BJTU) университетінде магистратурада грантта оқиды екен. Оның айтуынша, қытайлықтар өте жылдам және еңбекқор халық. Олар ақшаны қалай жинауды, үнемдеуді және табуды біледі. Ал ең бастысы спортпен айналысқанды жақсы көреді екен. Оқымысты халық Ондағы қай университетке кірсең де 2-3 үлкен кітапхана болады. Ішінде лық толған адам. Бос орын таппайсың. Бәрі сабақ оқып отырады. Түскі ас ішуге кетсе де, заттарын қалдырып кетеді. Олар барлық бос уақытын оқуға жұмсайды. Себебі Қытайда бәсекелестік деңгейі жоғары. Осындай атмосферада өзің де оқуға қызығып, талпынады екенсің. Менің түсінгенім, қытайлықтар баласына ақша аямайды екен. Әсіресе баласына кішкентай кезінен ағылшын тілін үйретеді. Қаражатқа қарамастан балабақшада америкалық, я болмаса Англиядан келген немесе ағылшын тілін жақсы меңгерген мұғалім болғанын қамтасасыз етеді, - дейді ол. Әселдің Instagram желісіндегі парақшасынан алынған сурет Ең алғаш келгенімде мен де қытайлық достарымнан құрт-құмырсқа жейсіңдер ме деп сұрағанмын. Олар Жоқ, неге бәрі сөйтіп ойлайды, жиіркенішті ғой деп жауап қайтарған, - дейді қазақстандық қыз. Қытайлар құрт-құмырсқа жемейді Қытайлықтар ащы тамақты жақсы көреді. Олар біздің етті қалай көп жейтінімізге таңғалады. Қазақстандық бағамен салыстырғанда оларда қой мен сиырдың еті екі есе қымбат. Есесіне онда бізде кездеспейтін жеміс пен көкөністердің түрі көп. Олардың негізгі тағамы - күріш және мантоу. Мантоу деген бізше айтқанда, буға піскен нан. Күрішпен бірге тағы түрлі тағам жейді. Балықты, кеспені жақсы көреді. Кез келген тағамнан шошқаның етін кездестіруге болады. Сол себепті біз алдын ала оны басқа етке ауыстыруын сұраймыз немесе мұсылман кафесіне барамыз. Қытайға келген барлық адам басында тамақтан қиналады. Бірақ кейін үйреніп кетеді. Мысалы біз артық шығын болмас үшін үйде тамақ әзірлейміз. Негізі кафелерде де қымбат емес. Сонымен қатар, Қытайда біз қолма-қол ақшаны мүлдем қолданбаймыз. Қарапайым дүкеннің өзінде тауар телефонмен төленеді. Арнайы бағдарламалар бар, мысалы WeChat pay және Alipay, - дейді Әсел. Әселдің Instagram желісіндегі парақшасынан алынған сурет Қытай мәдениетінің біз білмейтін тұстары көп. Онда қыз бала тұрмысқа шығар алдында болашақ күйеуінен көлік және пәтерінің болуын ашық талап етеді екен. Қытайлықтар мұндай жағдайдың жиі кездесетінін айтты, - дейді қазақстандық қыз. Қытайлықпен жақын сөйлессең, олардың сыпайы екенін түсінесің. Олар жүкті әйелдер мен баланы қатты сыйлайды. Метро мен автобуста қарттардың өзі оларға орын береді. Қытайлық отбасыда, көбінесе ер адам тамақ әзірлейді. Мұнда ол үйреншікті жағдай. Қытайда әйелдерге қарағанда ер адамдар көп. Оларда 11.11 атты мейрам бар. Ол жалғызбастылардың мерекесі. Сонымен қатар, ол бүкіл Қытай бойынша үлкен жеңілдіктер күні. Қытайлықтар 60 жылда құрған осындай экономикасымен мақтанады. Онда бәсекелестік жоғары. Сондықтан әр супермаркет, түрлі дүкен мен кафелерде үнемі жеңілдік пен акциялар болып тұрады, - дейді Әсел. Оқимын, дамимын деген адамға сансыз мүмкіндік бар Бейжіңдегі Орталық Ұлттар Университетінде, Экономика факультеті, Халықаралық Сауда мамандығы бойынша білім алып жатқан Құралай Есентұрқызы ойынша кез келген жағдайда тек жақсыны көріп, пайдалы дүниені игеріп қалу керек екен: Алғашқы жылы бәріне бірдей үйрену қиын болды. Күнделікті тұрмыстың қызығы мен шыжығы да аз болмады. Жаңа орта, жаңа дос, жаңа таныстар. Бұл ортада өзіңе түртіп алар біршама жақсы үрдіс бар. Мысалы мұнда адамдар спорт десе аянып қалмайды, кітапқа деген қарым-қатынасы биік және ұлттық құндылығын аса қатты қадірлейді. Қытай халқының ішкі туризмге деген көзқарасы өте жоғары. Әр мейрамда бір қаладан бір қалаға саяхаттап жүрген топ-топ жас студенттер, тіпті зейнетке шыққан қарттар да жүреді. Дегенмен ұнамсыз тұстары да бар екенін жасырмаймын... Ондай сәттерде Қазақстаным-ай деп бір марқайып қаламын. Бос уақытымда көп саяхаттайтындықтан түрлі адаммен тәжірибе алмасып, қабілеттерімді шыңдап келемін. Мысалы ұйымшылдықпен топтық жұмысқа үйрену. Әсіресе шетелдік студенттерді мұнда өз ортасында еркін сезіну үшін барын салады. Қытайда оқимын, дамимын деген адамға мұнда сансыз мүмкіндік бар. Бастысы әр нәрсеге рационалды қарап, пайдалыны кәдеге жаратып қалу керек, - дейді Құралай.