Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды
Фото: inform.kz

Білім және ғылым министрлігі сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының санын қысқарту бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.  Барлық тексеру қатаң түрде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылуда. Талаптар бойынша жоғары оқу орындары анықталған бұзушылықтарды берілген уақыт ішінде жоюы тиіс. Мәселен, өткен жылы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің білім беру қызметіне тексеру жүргізіп, нәтижесінде өрескел бұзушылықтар анықтады, – деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Атап айтсақ, жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар оқу орнындағы өзге де маңызды көрсеткіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейді.

2020 жылғы шілде айындағы тексеріс нәтижелері бойынша аталған университет лицензиясының күші тоқтатылып, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілді. Алайда, қайта тексеріс жүргізу кезінде Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Комитеттің нұсқамаларын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болды.

Болашақ дәрігерлерге сапалы білім беру – адамдардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Осы орайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің Комитеті те қарады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды, – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында 2015 жылы құрылғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда аталған оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды.

Еліміз бойынша 14 жоғары оқу орны болашақ дәрігерлерді дайындайды, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқан. ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранттары сақталады және  олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр, – деп атап өтті Гүлзат Көбенова.

Бас лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді және жоғары оқу орны білім беру қызметін тоқтатуға міндетті болады.

Н. Үсенова