- Негізгі бет
- Білім ордалары
- Достыққа жүрмін құмартып...
Достыққа жүрмін құмартып
"Дос болам десең,
Досыңды сыйла,қымбаттым!
Досыңа сонда,
Досыммен ғана қымбатпын
Дос болам десең,
Мендегі доспен достасқын,
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын..." - деп Мұқағали атамыз жырламақшы қуаныш пен қайғыны бірге көрген, ой-ниеттері мен мақсаттары бір бағытта түйіскен достар туралы ән-жыр, өлең таусылмақ емес. Соның бірі, күні кеше өткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдер факультеті Қазақ филологиясы мамандығының 102-топ студенттері мен куратор-эдвайзері Сағатбек Ернұр Нұрданбекұлының ұйымдастыруымен "Достыққа жүрмін құмартып" атты кешін айтуымызға болады. Кештің мақсаты – адам бойындағы достық сезім қасиеттері қастерлі сезім екендігін дәлелдеу, досқа деген адалдық, шексіз ықылас сезімі бағалы екендігіне көз жеткізу.
Кеш барысында студенттер өз өнерлерін ортаға салып, жақын достарымен ойын көрсетіп, қуанышқа бөленді. Бір-біріне деген жүрек жарды тілегін білдіріп, достық туралы өлең оқып, ән шырқады. Көрермендер де кештің көңілді өтуіне ат салысып, барынша белсенді болды. Еліміздің жас ақындарының бірі, қазіргі таңда шырқалып жүрген "Мазаламайын", "Сезімді қайтейін", "Жүректесің" сынды танымал әндердің сөзін жазған ақын Н.Тұрғанбек тілегін білдіріп, өз қаламынан туған өлеңдерімен бөлісіп, кешті қорытындылады.
"Сен маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтамын" демекші, достық – мағынасы терең, сенімге толы ұлы сезім. Халықта "Алтын берген дос емес, ақыл берген дос" деген мақал бар. Шынайы достық әр адамның жүрегінде баға жетпес құндылық ретінде мәңгі сақталмақ! Достықты бағалайық, құрметтейік!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
1-курс студенті
Игібайқызы Назерке