- Негізгі бет
- Білім ордалары
- Дамудың даңғыл ордасы...
Дамудың даңғыл ордасы
XXI ғасыр – ғылым мен техниканың қарыштап дамыған, ақпараттар ағынының аясы кеңейген, адамзат қоғамының ең жоғарғы деңгейге жеткен, жаһандану мен дәуірлеудің алтын ғасыры. Міне, біз азат елдің жалынды жастары осындай заманда күн кешіп жатырмыз.
Санаға оралатын алғашқы сауал: "XXI ғасырдың жастары қандай болуы керек?". Тұңғыш президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтсақ, "Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты". Демек, ел тұтқасын ұстар білімді, еңбекқор, бәсекеге қабілетті жасампаз жас келешектің кемел болуына алғышарт жасайды.
Адам өмір бойы ізденіс үстінде болуы шарт. Әрдайым жаңа нәрсені танып білу мен білім көкжиегін кеңейту сізді тек жетістіктерге жетелеп қана қоймай, тұлға ретінде дамуыңызға үлкен септігін тигізеді. Бірақ, "оқу инемен құдық қазғандай", -дейді дана халқымыз. Ілім іздеп, көкірек көзін ашуға тырысқан жандардың алдынан түрлі қиындықтар кездесері хақ. Алғашқысы - дұрыс таңдау жасау. Алтын ұя мектебінен алысқа ұшып, үлкен өмірге жаңа қадам басатын түлектер үшін өздері болашақта білім алып, кәсіби маман атануына негіз болатын жоғары оқу орнын таңдау - үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Осы сәтте алдымен сізге бар жақсыны тілейтін ата-ананың кеңесі мен өзіңіздің ішкі түйсігіңізге сүйену дұрыс шешім қабылдауыңызға көмек береді. Немістің ұлы философтарының бірі Георг Зиммельдің айтуынша, "білімді адам – ол өзі білмейтінді қайдан табуға болатынын білетін адам". Демек, сіз нақты не қалайтыныңызды айқындап алғаннан кейін, мақсатыңызға бір табан жақындай түсу үшін өзіңіз оқығыңыз келетін жоғары оқу орны жайлы барынша мәлімет алып, біршама ақпараттар жинауыңыздың өзі білім іздеу жолындағы алғашқы саты.
Осыдан 1 жыл бұрын дұрыс таңдау жасауымның нәтижесінде тарихы сонау 1934 жылдан бастау алатын, ал бүгінде Қазақстанның ең беделді жоғары оқу орны саналатын, әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 220 орынға ие болып, қазіргі уақытта кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды дайындау барысында адал тер төгіп жүрген ең мықты ұстаздар қызмет ететін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атандым. Білім нәрімен сусындағысы келетін әрбір студент үшін - ҚазҰУ жетістіктің желкені. Мен үшін ҚазҰУ студенті атану - мақсатыма жету жолында бағындырған алғашқы шың! Неліктен таңдауым дәл осы жоғары оқу орнына түсті деген сұраққа жауап бергім келеді. Бірнеше себептерін санамалап айтар болсам: Біріншіден, мен таңдаған мамандықтың іргесі ҚазҰУ-да берік қаланған. Қазақ әдебиетінің небір майталмандары мен білікті ғалымдары "қара шаңырақта" білім алған. Қазақтың маңдайына біткен жұлдыздары М.Әуезов, Ә.Нұрпейісов, Ә. Нұршайықов, Б. Кенжебаев сияқты шоқтығы биік тұлғалар тәлім алған ордада оқуымды үлкен мәртебе көремін. Университет бүгінгі таңда 180 мамандық бойынша мамандар дайындайтынын атап айтқан жөн. Екіншіден, ҚазҰУ әрбір студенттің сапалы білім алуымен бірге, өмірде екінші рет қайталанбайтын студенттік шақты қызықты да есте қаларлықтай өткізуге, тұлғалық дамуыңызға жағдай жасайды. Сізге қойылатын басты талап белсенділік таныта отырып, шығармашылық қабілетіңізді көрсету. ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитеті – бұл барлық студенттік ұйымдар мен қызығушылығы бойынша клубтардың бірлестігі. Атап айтар болсақ, "Сұңқар" студенттер мен магистранттар кәсіподағы, "Студенттер сенаты", "Жоғары студенттер кеңесі", "Көмек" еріктілер қозғалысы, "Болон үдерісі бойынша студенттік бюро", "Студенттердің ғылыми қоғамы", "Жас Отан жастар қанаты", "Алтын сапа" дебат клубы, "Көкжиек" ғылыми-шығармашылық клубы студенттердің әлеуметтік, азаматтық және кәсіби қалыптасуына көмектесе отырып, қоғамдық шараларға белсене ат салысуға үндейді. Әрбір ұйымның көздеген мақсаты мен алдына қойған міндеті бар. Үшіншіден, ҚазҰУ студенттің оқып жатқан мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауына көмектесіп қана қоймай,танымы мен білімін кеңейту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырады. Академиялық ұтқырлық- әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дамуының негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда университетте ішкі және сыртқы академиялық мобильділік бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда. Cыртқы академиялық мобильділік бағдарламалары - cтуденттердің шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуы, сондай-ақ оқытушылар мен ғалымдардың шетелдік білім беру және ғылыми мекемелеріндегі қызмет атқаруы. Ішкі академиялық мобильділік бағдарламалары - жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарында студенттердің білім алуы, сондай-ақ оқытушылар мен ғалымдардың қызмет атқаруы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің беделді деген 300-ден астам университеттерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. ҚазҰУ екі халықаралық университет желісі – Шанхай ынтымақтастық ұйымының университеті (ШЫҰУ) және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Ашық университетінің желісі аумағында белсенді түрде жұмыс жасауда. Соңғы жылдарда сапалы, әрі динамикалық дамып келе жатқан халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы халықаралық ынтымақтастық орнатуда маңызды бағыт болып табылады. Жыл сайын ҚазҰУ 2000-нан астам студенті тілдік, ғылыми іс-тәжірибеден өту мақсатында шетелдік білім және ғылым мекемелеріне жіберіледі. Университет жыл сайын 600-ден астам университет мұғалімдері мен қызметкерлерін ТМД, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Таяу Шығыс және Азияның жоғары оқу орындары мен ұйымдарының шақыруымен халықаралық конференциялар, кездесулерге қатысу мақсатында іс-сапарға жібереді. Төртіншіден, ҚазҰУ-дың заманауи үлгіден салынған көз тартар нысандары. ҚазҰУ қалашығының қатарында "Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы", "ҚазҰУ кітапханасы", "Магистранттар мен студенттер үйі" сияқты ғимараттарды ерекше атаған жөн.
Әрдайым жастарға жол сілтеп, шамшырақ секілді нұсқаушы бола білген Н.Ә. Назарбаевтың мына сөзін көңілімізге тоқып, жадымызда ұстағанымыз жөн: "Сендер алатын сапалы білім бар болғаны жолашар интеллектуалдық капитал болып табылады. Сендерге өзді-өздеріңмен үздіксіз жұмыс істеп, өз білімдеріңді, кәсіби құзырлылықтарыңды арттыру қажет". Расында да, білім алу мен оны пайдаға жаратудың арасалмағын ажыратуымыз қажет. Дәл осы уақытта, университет қабырғасында іргетасымызды мықты етіп қаласақ, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз. "Ел ертеңі - жастар болғандықтан", біз алған капитал айналысар адал кәсібімізге берік тұтқа болуы қажет. Мен үшін ҚазҰУ - дамудың даңғыл жолына жетелейтін білім ордасы.
Жұмабек Қазына
Филология және әлем тілдері факультеті,
қазақ филологиясы мамандығының 1 курс студенті
Әдеби кеңесшісі:Т.Рамазанов