Білім алуға арналған 5 онлайн-жүйе

Білім алуға арналған 5 онлайн-жүйе
Фото: freepik.com

Коронавирус пандемиясы көп саланы онлайн "өмірге" ауыстырды. Бүгінде керек құжатты да, тамақты да арнайы қызмет көрсететін жүйе арқылы тапсырыс беруге болады. Ал білім алғыңыз келсе қажет сайтты ашып, үйден шықпай-ақ оқуға мүмкіндік бар. Massaget.kz сұранысқа ие 5 тегін білім алу жүйесін ұсынады.

EdX

EdX – онлайн-білім алуға арналған әлемдегі көшбасшы портал. Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты бірге құрған білім алаңында әлемнің үздік жоғары оқу орындары ұсынған курстар жарияланған. 

Онлайн-курстардың ішінен Гарвард университеті, MIT, Калифорния университеті, Вашингтон университетінің сертификатын алуға болады.  EdX курстары әлем бойынша сұранысқа ие, ал оның сертификаты барлық жерде мойындалады. 

Coursera

Курстарда апталық жаттығу, видеодәріс, тест және өзге форматтағы контент бар. Сонымен бірге біраз курста соңғы жобаны қорғау, емтихан тапсырып сертификат алу мүмкіндігі бар. Бір курстың ұзақтығы орта есеппен – 6-10 апта.

Курстар ағылшын және орыс тілдерінде өтеді. Ниет білдіргендер IT, гуманитарлық ғылымдар, экономика, физика, медицина, кәсіпкерлік, маркетинг және тағы басқа салаларға арналған курстарды өтіп білім ала алады.

Open Culture

Open Culture сайтында ағылшын тіліндегі 1500 тегін курс топтастырылған. Оның барлығы 40 сала мен тақырыпқа бөлінген. Авторлар курстар тізімін 14 жыл жинаған екен.

Тізімде Стэнфорд, Йель, Оксфорд, Гарвард сияқты университеттердің мамандары жасаған курстар мен дәрістердің жазбаларына сілтемелер бар. Оның барлығы iTunes, YouTube платформаларында немесе сол университет сайтында сақталған.

Курстар археология, философия, дизайн, архитектура, экономика, физика, тарих, журналистика, тіл білімі, заң, дінтану, социология, астрономия, аэронавтика және тағы басқа салалар бойынша жинақталған. Мысалы бір ғана философия бойынша 200 курс бар. Ал экономика мен қаржы курстарының саны – 84.

Stepic

Бұл порталда әртүрлі саладағы интерактив дәрістер мен сабақтардың мол қоры жиналған. Гуманитарлық және жаратылыстану дисциплиналарын, информатика мен статистика саласындағы курстарды ағылшын және орыс тілдерінде оқуға болады. 

Курсты компьютерден де, смартфоннан да оқуға ыңғайлы етіп жасалған. Оған қоса дәрістер қоры ай сайын жаңартылады. 

Лекториум

Лекториум – жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған білім алаңы. Мұнда Ресейдің көшбасшы 20 жоғары оқу орны ұсынған курстардан өтуге болады. 

Оның ішінде инженерия, робот техникасы, AutoCAD-та 2D және 3D жобалау курстары сұранысқа ие. Порталда тегін және ақылы курс түрлері бар. 

А. Рысдәулет