- Негізгі бет
- Білім ордалары
- Алматыда Қытайдың ұлы...
Алматыда Қытайдың ұлы жазушысы Го Можоның көрмесі ашылды
Алматы қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ғимаратында Қытайдың ХХ ғасырдағы ұлы жазушыларының бірі Го Можоның шығармашылығы мен өміріне арналған көрме ашылды. Көрмені Еуразиялық заң академиясы мен Пекин қаласындағы «Guo Moruo Memorial Museum» бірлесе ұйымдастырып отыр.
Көрменің ашылу салтанатына жоғарғы оқу орнының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Шақарапұлы Жалаири, ҚР жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев пен аспан асты елінен келген бір топ делегаттар қатысты.
- Құрметті қонақтар! Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясындағы ХХ ғасырдағы Қытайдың ұлы жазушыларының бірі Го Можоның шығармашылығы мен өміріне арналған көрмеге қош келдіңіздер! Бұл көрмені біздің академия мен Пекин қаласындағы Го Можо мемориалдық мұражайы бірге ұйымдастырып отыр. Іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы 24 жылдық достықты тойлау аясында өткізіліп отыр. Мемлекет басшыларының бастамасымен екі ел арасындағы қарым-қатынастар жоғары деңгейге көтерілгені белгілі. Мәдениет – достықты нығайтудың ең сенімді жолы. Сондықтан біз білім және ғылым өкілдері ретінде әрқашан дамуды қолдаймыз, - деді университет ректоры Өмірәлі Шақарапұлы Жалаири.
Сондай-ақ Өмірәлі Жалаири мырза Қытайдан келген делегаттарға ерекше алғысын білдіріп, көрменің ұйымдастырылуына мұрындық болып, қуана-қуана келіскендері үшін ерекше ықыласын білдірді.
- Екі ел арасындағы достық байланысқа Д.А.Қонаев атындағы біздің іргелі оқу орнының себепкер болуы - зор қуаныш, игілікті шаралардың бірі. Жоғарғы оқу орынындағы осындай іс-шара осыған дейін айтылып кеткендей, екі ел арасындағы экономикалық, саяси және рухани достық байланысты нығайта түсетін болады. Елбасының «Жібек жолы», «Нұрлы жол» жобаларының дамуына зор үлесін қосатын болады, - деді ҚР жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.
Пекиндегі Го Можо мұражайының өкілдері көрмені ұйымдастырған Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясына алғыстарын білдіріп, жазушының шығармашылығы мен өмірі, қазіргі қытай әдебиетіндегі ағымдар туралы айта кетті.
Айта кетейік, Го Можо (1892-1978) – Қытай елінің ақын-жазушысы, драматургі, ғалымы. Қазіргі қытай тіліндегі поэзияның негізін қалаушы. Ол сондай-ақ белгілі археолог, әрі Қытай Халық Республикасы Ғылым Академиясының бірінші президенті.
Көрмеге автордың жеке мұрағатынан алынған түпнұсқадағы қолжазбалары, кітаптары, әдеби жұмыстары, суреттері қойылған. Көрме 4 қарашаға дейін жалғасады.
О. Сансызбай