Әлем елдерінде оқушылар қалай тамақтанады?

Әлем елдерінде оқушылар қалай тамақтанады?
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балалар жылы аясында әкімдік қажетті жұмыс жүргізгенін, ресурстар тапқанын және 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Алматы мемлекеттік мектептерінің барлық бастауыш сынып оқушылары (1-4 сыныптар) әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін хабарлады.

Бұл мақалада біз мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесі қандай, ол қай елдерде, қандай мақсатпен енгізілген, Алматыдағы оқушылар қандай тағамдарды жеу керек деген сияқты сұрақтарға жауап беруге тырысамыз.

Ұлыбритания оқушыларға тегін тамақ берген алғашқы ел

Ұлыбритания мектептегі тамақтандыру жүйесін енгізген әлемдегі бірінші мемлекет. 1906 жылы жергілікті үкіметке мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруды ұсыну туралы үкіметтің бірінші шешімі шықты.

1939 жылдан бастап мектеп оқушыларының тамағы мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, негізінен аз қамтылған отбасы балаларына таңғы ас тегін берілді.

1945 жылға қарай 1,5 миллионнан астам мектеп оқушылары күн сайын тегін таңғы аспен қамтамасыз етілді. Бұл 1939 жылмен салыстырғанда 10 есе көп.

Ұлыбританиядағы оқушыларды тамақтандыру процесі / © 1prof.by

1979 жылы Маргарет Тэтчер бастаған консерваторлардың келуімен мектептегі тамақтандыру жүйесіне деген көзқарас өзгерді. Бұл жүйеге мемлекеттің қатысуы бюрократия мен шамадан тыс шығындарға әкелетін фактор ретінде қарастырылды. Нәтижесінде келесі 10 жыл ішінде мыңдаған британдық оқушылар тегін таңғы ас пен түскі астан айырылды.

Мұның салдары қандай болды? Оқушылар арзан әрі зиянды өнімдерді жей бастады. Олардың қант тұтынуы 30 пайызға өсті. Балалардың 1/3 бөлігі үнемі ақ нан, чипсы, тәттілер, тәтті газдалған сусындарды көп тұтынатын және жемістер мен көкөністерді азырақ тұтынған. Балалар арасында жүрек-тамыр жүйесі, тыныс алу жолдары аурулары көбейіп, остеопороз және онкологиялық аурулардың даму қаупі артты.

Ұлыбританиядағы оқушыларға арналған тамақ / © restoran.ru

Осыдан кейін Ұлыбритания үкіметі тұрмысы төмен отбасы балаларын ыстық әрі пайдалы тамақпен қамтамасыз ету жүйесін қайта енгізді.

"Мектеп фермалары" – дұрыс тамақтанудың кепілі

Бразилияда, АҚШ-та, Канадада, Жапонияда тегін тамақпен қатар "мектеп фермалары" мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған. Бұл ретте оқушылар мектеп ауласындағы жеміс-жидек, көкөніс өсірумен тікелей айналысып, пайдалы жұмыстар атқарып, жерді пайдаланудың қыр-сырын меңгереді. Уругвайда оқушыларға сиыр саууға және өз бетінше қарапайым тамақ дайындауға да үйретеді.

Мектеп оқушылары қандай тағамдарды жейді?

Үндістан

Елдегі барлық мемлекеттік мектептерде тегін тамақтану бағдарламасы бар. Күн сайын 150 миллион оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Олар күн сайын: күріш, нан үгіндісі, көкөніс немесе балық қосылған карри, бір стақан сүт немесе йогурт, пісірілген жұмыртқа жейді.

Үндістандағы оқушыларды тамақтандыру процесі / © Depositphotos

Үндістан балаларды тегін тамақтандыру арқылы оқытуға ынтасын айтарлықтай арттырды. Сонымен қатар, бұл жүйе касталық-әлеуметтік стратификациямен күресуге көмектеседі: әртүрлі санаттағы отбасылардың балалары бір тағамды бірге жейді.

Жапония

Егер отбасының мектептегі түскі асын төлеуге мүмкіндігі болмаса, бала тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Жапонияда мектепте тамақтандыру оқу процесінің ажырамас бөлігі. Бала күнделікті мектепке дастархан, таяқша және тіс щеткасын алып келуі керек. Мәзірде сорпа, күріш немесе картоп, ет немесе балық, нан және әрине сүт бар.

Жапон мектебіндегі оқушыларды тамақтандыру процесі / © nippon.com

Жапон оқушылары үстел басында отырып, бір дастарханда мұғалімдермен бірге тамақтанады. Әдетте, түскі асты мектеп директоры бастайды.

Бразилия

Барлық мемлекеттік мектептер оқушыларды міндетті түрде тегін тамақпен қамтамасыз етеді. Бағдарлама 60 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Күнделікті менюге күріш, тауық және сиыр еті, бұршақ, жемістер мен көкөністер, сүт, шырындар және кокос суы кіреді.

Бразилиялық мектепте тамақ дайындау процесі / © brazilian.report

Газдалған сусындарға тыйым салынған. Тамақтың түрі аймаққа да байланысты – әр аймақ тізімге өзінің дәстүрлі тағамдарын қосады.

Финляндия

Барлық оқушыларға арналған тегін түскі ас бағдарламасы 1948 жылдан бері жұмыс істейді. Мәзірде ет, балық, жемістер мен көкөністер, сүт өнімдері, әртүрлі сорпалар бар.

Финляндиядағы оқушыларға арналған тамақ / © hronika.ru

Финляндияда әртүрлі дінді ұстанатын, вегетарианшылар, аллергиясы бар балаларға арналған арнайы тағамдарға тапсырыс беруге болады.

Франция

Мектептегі түскі астың құны отбасының кірісіне байланысты. Әр оқу жылының басында ата-аналар жалақысы, әлеуметтік төлемдері туралы толық анықтаманы, сондай-ақ салық декларациясын тапсыруы тиіс. Осы мәліметтер мен отбасы мүшелерінің саны негізінде отбасылық коэффициент анықталады. Осының негізінде түскі астың құны белгіленеді.

Франциядағы оқушыларға арналған тамақ / © hronika.ru

Француз мектептеріндегі тамақ мейрамханалардағынан еш айырмашылығы жоқ. Мысалы, мәзірде грейпфрут, көк бұршақ қосылған гриль тауық еті, күріш ботқасы, мандарин, сарымсақ және қияр салаты, балық пен картоп, йогурт бар. Тамақтану үшін үзіліс 1-2 сағатқа созылады.

© inbusiness.kz

Алматыда балаларға қандай тағамдар беріледі?

Әзірге рацион туралы мәлімет жоқ.

"Балалардың сапалы тамақтануын ұйымдастыру үшін Білім басқармасы теңгерімді және әртүрлі рационды құру мәселесін пысықтады. Қаржыландыру мәселесі жергілікті бюджетті нақтылау шеңберінде 4 наурызда мәслихатта қаралады", - деді Ерболат Досаев.

Бірақ әлемдік тәжірибеге сүйенсек, азық-түлік жеңіл сіңімді, пайдалы, дәрумендер, микро және макроэлементтер нормасы болуы керек.

Тегін тамақтану жүйесі ең маңызды әлеуметтік шаралардың бірі. Дұрыс орындалса, көп мәселе шешімін тауып, білім сапасы артып, балалардың денсаулығы да жақсарады.

Т. Раушанұлы