- Негізгі бет
- Білім ордалары
- MediaNet журналистика жағалауына...
MediaNet журналистика жағалауына шақырады
Соңғы жылдары танымалдылыққа ие болып жүрген MediaNet алғашқы қазақстандық тәуелсіз Журналистика мектебі биылғы курсқа қабылдау мерзімінің басталғандығын хабарлайды.
Қазақстанның шынайы медианарығына бейімделген журналистика және PR Мектебі БАҚ саласында тәжірибе жинақтамаған, алайда кәсіби журналистік шеберлікті меңгергісі келетіндерге үлкен мүмкіншіліктер жасап отыр.
Оқу барысында студенттер Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары туралы жалпылама мәлімет алып, жарияланымдардың құрылымын зерттеп, әртүрлі жанрда материал жазуды, ақпарат көздерін тауып, телевизиялық жаңалықтар сюжетін жасауды үйренеді.
MediaNet орталығында бірнеше жылдан бері сабақ беріп келе жатқан тренерлердің бірі, "Мінбер" журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай бұл туралы былай дейді:
"Медианетте бес жылдан бері бірнеше журналист тренинг болып, сабақ беріп жүр. Мен де Жаңа медиа саласы бойынша тренерлердің бірімін. Медиамектептің ерекшелігі – бұл жерде дәріс оқып, келушілердің басын қатырмаймыз. Мәселен, мен өз сабақтарымда нақты мультимедиалық өнімді қалай жасау керектігін көрсетемін. Әрине, курс барысында шетелдік мысалдарды талдаймыз. Қазақстанда интернет нарыққа кімдер жетіспей жатқанын бағамдап, бүгінгі интернет журналистика нарығында жұмыс істегісі келетіндерге нақты кеңестер береміз.
Өзге әріптестерім өз саласы бойынша білгенімен, жинақтаған тәжірибесімен бөліседі. Медиамектепте бес жылдан бері әрқайсымыз сабақ беріп жүргендіктен, қатысушыларға журналистика дегеннің не екенін, мақала жазудың ерекшелігін, еліміздегі қандай заңдарды білу керектігін, әрі интернетте журналист болып қызмет ету үшін нені білу керектігін жетік түсіндіре аламыз деп ойлаймын".
Оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Дәрістер тренинг түрінде өтеді. Оларды тәжірибелі мамандар – журналистер, блогшылар, редакторлар, саясаттанушылар, сарапшылар, құқыққорғаушылар, инфографистер, заңгерлер өткізеді.
Қарқынды практикалық оқыту бағдарламасы мынадай блоктардан тұрады:
- Баспасөз БАҚ-ы;
- Ақпараттық агенттіктер және электронды БАҚ құралдары;
- Заманауи медиа;
- Телевизиялық журналистика;
- БАҚ және Құқық.
Курстың оқу мерзімі – 4 ай (3 ай – оқу, 1 ай – тәжірибе). Дәріс сейсенбі және бейсенбі, жұма күндері кешкі уақытта жүреді.
Журналистика Мектебіне қабылдау 2013 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жалғасады. Сабақ 2013 жылдың 17 қыркүйегінде басталады деп жоспарлануда. Оқу ақысы айына – 20 000 теңге.
MediaNet пен оқушылардың арасында жазбаша негізде келісімшарт жасалады. Курсқа жазылам десеңіз, 2616669 нөміріне хабарласуларыңызға болады.
MediaNet халықаралық Журналистика орталығы қазақстандық бір топ журналистердің бастауымен 2004 жылы құрылған ұйым. MediaNet-тің басты мақсаты – жаңа қазақстандық журналистер толқынын қалыптастыру, олардың объективті, әлеуметтік тұрғыдан белсенді, тәуелсіз және өз ісінің кәсіби маманы болуына үлес қосу, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азия, ТМД журналистерінің өзара қарым-қатынасы мен интеграциясын қамтамасыз ету.
MediaNet құрылғалы бері 100-ге жуық әртүрлі жобалар жасап, жүзеге асырды. Орталық журналистиканың даму жолында қызмет ететін, журналистердің құқығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететін қазақстандық және халықаралық ұйымдармен өзара әрекет етеді. MediaNet туралы өзіңіз білгіңіз келетін басқа да қосымша ақпараттарды ұйымның арнайы сайтынан біле аласыздар.
Суреттер: yvision.kz және Асхат Еркімбайдың facebook-тағы жеке парақшасынан алынды
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева