IEF – 2019: Шетелде білім алғыңыз келе ме?

Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында International Education Fair 2019 халықаралық білім көрмесі өтіп жатыр. Оған әлемнің 50 елінен 300-ден аса университет өкілі келіп, 11-12 қазан күндері талапкерлерге ақпарат береді.

Көрмеге Еуропа, АҚШ, Ұлыбритания, Азия мен ТМД елдеріндегі озық университеттердің өкілдері, шет тілін үйрететін мектептер мен агенттіктер және халықаралық стипендия бағдарламаларының өкілдері қатысып жатыр. Шараны "Bolаshaq Development Fund" коммерциялық емес ұйымы өткізіп келеді. Көрмеге қатысушылар жыл сайын көбейіп, шара деңгейі артып келеді. Бұл туралы "Болашақ" Халықаралық бағдарламалар орталығындағы Еуропа елдері департаментінің директоры Айдана Сәдібекова айтып берді.

Айдана Сәдібекова

"Халықаралық білім көрмесі Қазақстанда осымен төртінші рет ұйымдастырылып жатыр. Алғашқы екі жылда көрмелер екі-үш қалада ғана өтті. 2018 жылы төрт қалада болдық, ал биыл Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы, Атырау, Орал, Ақтөбе қалаларында ұйымдастырып жатырмыз.

2018 жылы көрмеге 209 университет қатысты. Бір жыл ішінде университет саны 300-ге дейін өсті. Былтырғы шарада университеттермен сұхбаттасқан талапкерлердің біразы шетелде білім алуға кеткенін білдік. Нақты статистика жоқ, дегенмен жеке университеттерде қазақстандық студенттердің саны артқанын біліп отырамыз.

Осыған дейін 5-6 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен көрмеге 10 мыңға жуық талапкер келді, 8-9 қазан күндері Шымкент қаласында 15 мыңға жуық адам қатысты. Оқушылар көрмеден кейін қай елді, қай оқу орнын таңдағанын айтып, кей мәліметті нақтылау үшін әлі де хабарласып жатыр.

Көрменің басты мақсаты – оқушы, студент, ата-анаға шетелде қолжетімді, тегін білім алудың мүмкіндіктерін көрсету. Біраз ата-ана баласын шетелде оқытқысы келеді, бірақ оны қымбат деп ойлайды. Мысалы Германияға барғысы келсе, неміс тілін білу керек деп санайды. Бірақ біршама университетте оқу процесі ағылшын тілінде жүреді. Осы сияқты стереотиптерді жою үшін IEF көрмесі ұйымдастырылады.

Мұндағы 300 университеттің 200-ден астамында тегін білім алуға болады, ал қалған оқу орындары қолжетімді білім ұсынады. Сондай-ақ сол университеттер орналасқан елдің тілінде емес, ағылшын немесе орыс тілінде білім алуға болады.

Көрменің өтетінін хабарландыру үшін мектептерде ақпараттық брифинг өткіздік, әлеуметтік желілерде хабар тараттық, сондай-ақ әр университет өз жарнамасын жасап, болашақ студенттерді осында шақырды.

Көрмеге қатысып жатқан барлық университет бакалавр, магистратура, докторантура бағдарламаларын ұсынады. Қазір бакалаврға қызығушылық танытып келген оқушылар көп. Бірақ магистратура, докторантураға түскісі келетін азаматтар да баршылық.

Келесі жылы 6 қаламен шектелмей, басқа да қалаларда өткізуді жоспарлап отырмыз. Университеттер көрмеге қызығушылық танытып, келесі жылы міндетті түрде келетінін айтып жатыр", - дейді Айдана Сәдібекова.

Көрмеде талапкерлер мен қазақстандық және шетелдік оқу орындарының өкілдеріне арналған панельдік сессиялар, семинар тренингтер ұйымдастырылады.

Шетелдік университеттердің өкілдерімен сұхбаттасып, оқу орындарының талаптарын білуге келгендердің ішінде оқушылар көп. Солардың бірі – Жамбыл Дәулетхан.

Жамбыл Дәулетхан

"Қазір Сүлеймен Демирел лицейінің 10-сыныбында оқимын. Қазірден бастап уақытты босқа құртпай, университет таңдауға кірісіп жатырмын. Лицейде ұстаздар осы көрме туралы хабарлап, "өздерің үшін барып қайтыңдар" деп ақылын айтқан еді. Мұнда біраз университет өкілімен әңгімелесіп, кеңес алып жатырмын.

Шетелдегі білім туралы ойым қалыптасып келеді. Мысалы мен Қытай, Гонконгтағы университеттерге қызығушылық танытып көріп, ол жақта қытай тілін меңгергеніңді бағалайтын тест жүйесі бар екенін білдім. Бұл қытайлайдың өз IELTS-ы іспеттес. Ал ағылшынша оқу үшін IELTS-тан 5.5 балл алса жеткілікті екен", - дейді Жамбыл.

Айта кетейік, биыл көрме 14 қазанда Атырау қаласында (Sultan Palace қонақ үйі), 15 қазан күні Орал қаласында (Хадиша Бөкеева атындағы Қазақ драма театры), 16 қазанда Ақтөбе қаласында (Өнер орталығы) өтеді. Толық ақпарат ief2019.kz сайтында және Bolаshaq Development Fund әлеумттік желі парақшаларында жарияланып тұрады.