Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Сұңқар» студенттер кәсіподағының ұйымдастыруымен 2000 студентті қамтитын «79 теңгелік түскі ас» атты шара болып өтті. Аталған шара әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 79 жылдығына орай өткізіліп отыр. Жыл сайынғы дәстүрлі шара студенттердің төменгі бағаға тоя тамақтануына мүмкіндік жасайды.
«79 теңгелік түскі аста» студенттердің денсаулығына пайдалы, дәруменді тағамдар қарастырылған. Жол ақысына жетпес ақшаға самса, бәліш, ход-догтің бірімен компот, салат, және ыстық тамақ ішуге болады.
«Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрайымы Сыдықова Айдана: «Өздеріңіз білесіздер әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарихы тереңде жатыр. Биыл университетімізге 79 жыл толып отыр. Осыған орай 79 теңгемен түскі ас ұйымдастырып жатырмыз. Жыл сайын өткізіліп жүрген жобамыз ҚазҰУ-дың 75 жылдығынан басталған болатын. Биыл да төртінші жыл қатарынан өзінің дәстүрлі жалғасын тауып келеді. Қара шаңырағымыздың астында қанатын кеңге жайып келе жатқан ұйымдарымыз бар. Соның бірі - «Сұңқар» студенттер кәсіподағы. Кәсіподақтың құрылғанына биыл 14 жыл болды. Біздің ұйым қандай іс-шара істесе де студент игілігі үшін жұмыстанады. Барлығы да студенттеріміздің пайдасы, ризашылығы үшін. Өзіңіз көріп отырсыз ас мәзірі өте жақсы қарастырылған. Студенттің бір тойғаны – шала байығаны дейді ғой. Бүгін бір тойып тамақтанады деп ойлаймын» - дейді.
Шара әсем әнмен әрленіп, көркем биге ұласты. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 79 жылдығы, «Сұңқар» студенттер кәсіподағының құрылғанына 14 жыл толуы ескеріле отырып, тамақтануға 14-інші және 79-ыншы болып келген студенттерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Студенттер тарапынан жақсы қолдауға ие бұл шара алдағы жылдарда да өз жалғасын табады. Студенттер жағымды әсер, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. «Сұңқар» студенттер кәсіподағына деген изгі ниеттері мен ұсыныс-тілектерін кішкене парақшаға жазып қалдырды.
Дайындаған және суретке түсірген: Шерхан Талапұлы