Ғалымдардың айтуынша, қазіргі заманның ұрпағы ХХ ғасыр жастарымен салыстырғанда 30%-ға нашар естиді. Америкалық Шрикант Черукури (Sreekant Cherukuri) есімді ғалым осы мәселе бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осындай пікірге тоқталған. Оған қазіргі смартфон немесе MP3-плеер сынды гаджеттердің айырылмас аксессуары болып саналатын құлаққаптар себеп болып отыр.
Черукуридің айтуынша, бүгінгі жасөспірімдердің есту қабілетінің нашарлауына iPod сынды аудиоплеерлер мен түрлі смартфондар негіз болған. Сарапшы маман дауысы 9 децибелден асатын техникалық құрылғыларды қолданудан арылуы керек екенін айтады.
Бұл пікірді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қолдап отыр. Ұйымның мамандары есту қабілетінің нашарлауына гаджеттерден бөлек, түнгі клуб, концерттік кештер мен спорттық барлардағы шудың әсері барын айтады. Статистикалық ақпараттарға сүйенсек, 12 мен 35 жас аралығындағы адамдардың 50%-ының есту қабілеті нашарлаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша, 85 децибел (дБ) дыбыс көлемінде 8 сағаттан, ал 100 дБ шамасында 15 минуттан артық құлаққапты пайдаланбау керек. Одан жоғары болған кезде дыбыс құлақтың сенсорлы жасушаларын жойып, сосын жүйке жүйесі арқылы мидың тұрақты қалпына да әсер етеді.
Сарапшы ғалымдар бұл қалыпты бейімделуден арылу үшін «60-қа 60» ережесін қолдануды ұсынады. Ережеге сай, MP3-плеердің дауыс үдеткішінің тек 60% мүмкіндігіне дейін ғана баптап, 60 минуттан артық тыңдамау керек.
Ұқсас жазбалар:
Көңіл-күйге қарап ән таңдайтын құлаққап
Құлаққаптар. Олардың есту қабілетіне әсері қандай?