Виганелла - Милан қаласынан 130 шақырым қашықта орналасқан Италияның ең солтүстіктегі ауылы. Жергілікті тұрғындар оны "Сібір" деп атайды. Себебі аталған ауыл таулы өлкенің Күн түспейтін өңірінде орын тепкен. Нақтырақ айтар болсақ, ауылға 11 қарашадан 2 ақпанға дейін Күннің сәулесі мүлде түспейді. Расында жыл сайын бірнеше ай бойы Күнсіз өмір сүру ешкімге де ұнамайды. Сондықтан ауылдың 200 тұрғыны жасанды Күн құрастыруды мақсат етеді.
Виганелла тұрғындары таудың 870 метр биігіне 40 шаршы метр жерді қамтитын айна қойдыруды жоспарлайды. Айта кетсек, жаңа құрылғы Күннің көзін ауылға бағыттайтын болады. Бұл идея жылдам ақпараттық қолдау тауып, түрлі баспасөз қызметтерінде жарияланады. Тіпті әлемнің беделді ғылыми журналдары да бұл туралы жазады.
Германия, Швейцария және АҚШ-тың көптеген компаниялары аталған жобаға қызығушылық танытып, түрлі ұсыныстарын білдіреді. Дегенмен ауылдың мэрі Пьерфранко Мидалли отандық компанияларға тапсырыс беруді ойластырады.
Ендігі мәселе бұл жобаны жүзеге асыру үшін қажет болатын 100 мың еуро салымын табу еді. Виганелла тұрғындарының бақытына орай, әлемдік БАҚ өкілдерінің арқасында "жасанды Күн" жобасы туралы бүкіл дүние жүзі білетін. Қаржы бөлетін салымшылар бірден табылады.
Осылай, 2006 жылдың желтоқсан айында италиялықтар армандарына жетеді. Құрылғы қасына алып Күннің көзін басқаратын арнайы компьютер орнатылады. Компьютер күннің көзін автоматты түрде ауылға бағыттау үшін, Күннің көшуімен өзгеріп отырады.
Ауыл мэрінің айтуынша, "жасанды Күн" іске қосылғаннан кейін Виганелла тұрғындарының көңіл-күйі де жақсара бастапты. Жаңа өзгеріске дейін ауыл көшелерінде жүретін азаматтар аз болған болса, енді адамдар жиі көшеге шығатын үрдісті қалыптастырыпты.