Уақыттың жетіспеушігі адам баласының басты мәселесіне айналды. Ғалымдар ұйқыға кететін 7-8 сағат уақыттың өзін қысқартып, бойыңды сергек сезінудің жолдарын қарастырып келеді. Зерттеу барысында адамға күндізгі 20-90 минут ұйқының өзі жеткілікті екенін анықтады. Аз уақыт болса да, алдағы 4-5 сағат жұмыс жасауыңызға қажетті энергияны жинауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, күндізгі 20 минут ұйқының өзі мидың толыққанды жұмыс жасауына әсер етеді. Сондықтан, маңызды жұмыстың алдында көз шырымын алуды ұсынады.
Ал дәрігерлер 60 минут ұйқы ми жұмысын қалыпқа келтіретінін және есте сақтау қабілетін арттыратынын айтады. Егер шығармашылық қабілетіңіз күшейе түссін десеңіз 90 минут ұйықтап алыңыз.
Дегенмен, ұйқыдан тұрған соң өзіңізді әлдеқайда шаршаңқы сезінетін сәттер болып тұрады. Мұны мамандар адам ұйқының терең фазасына өтуі деп түсіндіреді.
Күндізгі ұйқының қандай пайдасы бар?
– Зейін мен есте сақтау қабілетін арттырады.
– Күйзелістің алдын алады.
– Көңіл-күйіңізді көтереді.
– Шығармашылық қабілетіңізді күшейтеді.
– Өнімділікті арттырады.
Ұйқының жетіспеушілігі мынадай зардап туғызуы әбден мүмкін:
– Жоғары қан қысымы.
– Жүрек ауруы.
– Семіздік.
– Психологиялық ауытқушылық.
Ұйқы қысып, мазаңызды алып жатса, жұмысыңызды сәл кейінге шегеріп демалып алыңыз. Өйткені, уақытыңызбен бірге, жүйкеңіздің біршама жасушаларын жоғалтасыз.