Теміржолда жатқан қиыршық тасты бәріміз көрген болармыз. Оның бекер жатпағаны да анық. Бұл тасты балласт деп атайды. Мұны қиыршық тас деуге де келмес, біршама ірілеу тастар. Темір жолдың рельсі мықты, берік болғанымен, пойыз сынды ауыр, мыңдаған тонна ұзын көлікті ұзақ көтере алмасы анық. Оған да күш керек. Міне, бұл күшті беретін – дәл осы балласт.
Зілдей пойыз рельспен сырғып өткенде, темірге, жерге зор қысым түседі. Ал үлкен қысым кез келген берік затты қысып, жарып жіберетіні белгілі. Сондықтан түскен қысымды қалай да жоғалтып, жерге сіңдіріп жіберу керек. Бұған көмектесетін – балласт.
Былайша айтқанда, тас – темір жол бөлшектерін бір-бірімен байланыстырып, бос кеңістікті толтырып тұратын зат. Қиыршық тас рельс пен шпалға түскен қысымды теңдей бөліп, жер қабатына өткізіп жібереді. Теміржолда діріл мен сырыл болмайтыны сондықтан.
Одан бөлек, қиыршық тас жауын-шашынды тез сіңіріп, рельстің бойын тап-таза ұстайды.
Балласт – темір жолдың бөлінбес бөлшегі. Уақыт өте тастар да ескіреді, бірақ оны ауық-ауық ауыстырып отырады.