- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Танысуға арналған ең...
Танысуға арналған ең ерекше мобильді қосымшалар
Әлемде танысу мен хат алмасуға, видеохабарлама жасауға арналған әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар жетерлік. Бірін білсеңіздер, бірін білмеулеріңіз де мүмкін. Тіпті кейбірінің атын да естімеген боларсыз. Себебі біз айтқалы жатқан, сіз естіп көрмеген әлеуметтік сервистер Қазақстанда танымалдыққа ие болмауы мүмкін.
2018 жылғы статистика бойынша еліміздегі ең танымал әлеуметтік желілер көшін "Вконтакте" бастап тұр. Одан кейінгі орындарда facebook пен instagram желілері келеді. Әсіресе соңғысында жастар аса белсенді. Мұндағы аккаунттар да күн санап өсіп келеді. Twitter желісіне кірушілер де баршылық. Бірақ көп емес.
Әлеуметтік желілер қолданушыларға танысу үшін ғана керек емес. Көбі ақпарат алаңына айналып та үлгерді. Дегенмен біздің бүгінгі айтпағымыз ақпаратқа қатысты емес, танысуға қатысты болмақ.
Жуырда Ұлыбританияда Tinder желісі секілді, бірақ сиырларға арналған мобильді қосымша жасалды. Tudder деген атау берілген. Күні ертең ресми түрде іске қосылмақ. Онда шаруа қожалықтарының иелері сиырларының тұқымына сай "жұп" таба алады. Сервисте сиырлардың тұқымына, генетикалық ерекшеліктеріне мән беріледі. Таңдауы түскен қолданушы лайк қою арқылы келіскенін білдіреді. Бұл фермерлердің уақытын үнемдеуіне, асыл тұқымды сиырлардың санын көбейтуге сеп болатын көрінеді.
Иә, бұл желіде сиырлар бір-бірімен таныспайтыны рас. Таныстыратын, әрине сервисті қолданушылар. Олар бұл желіні қолданып қана қоймай, өздері де танысады. Осы секілді Twindog деп аталатын желі де бар. Ол сиырларға емес, иттерге арналған.
Twindog желісін қолданушылар да иттеріне дос немесе "жұп" іздейді. Осы арқылы өздері де танысып, жақсы араласып кететін көрінеді. Иттерге арналған әлеуметтік желі дегені себеп қана.
Hoter деген де ерекше мобильді қосымша бар. Онда қолданушылар ұнайтын істері жайлы емес, ұнамайтын дүниелер жайлы айтады. Қосымшада ең ұнатпайтын дүниелерін (тағам түрі, іс-әрекет, т.б.) белгілеп, өздеріне дос табады.
Бірнеше жыл бұрын сақал қою әлемде сәнге айналды. Қыздардың өзі сақалы бар жігіттерді ұнататын және ұнатпайтын болып екіге бөлінеді. Ал ұнататындар үшін арнайы қосымша да жасалған. Bristlr деп аталады. Бағдарламаның жұмыс істеуі де, өзге желілер секілді. Кім сізге лайк қойса, сіз кімге лайк қойсаңыз, сол қолданушылармен хат алмасып, сөйлесе аласыз.
Жеке ерекшеліктері, аймағы, хоббиі, т.б. қызығушылықтары арқылы таныстыруға арналған сервистер мен мобильді қосымшалар жетерлік. Бұл қатарға ParkSeason, Happn және ДругВокруг секілді сервистерді де қосуға болады.
Н. Үсенова