Су ресурстарын тиімді пайдалану аграрлық саланың қарыштауына бастайтын негізгі жолдың бірі. Қазақстан аумағының 29%-ы далалық, 44%-ы шөлді аймақ болғандықтан, осы шөлді аумақты шаруаға қолайландыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Егістік алқаптарынан мол өнім алу үшін, сәйкесінше баптау жұмыстары да үздіксіз жүріп отыруы тиіс және ол шаруаға да, мемлекетке де қолайлы болу керек. Қазақстанда бұрыннан егістік алқаптары дәстүрлі түрде арық-тоғандар арқылы ағыстық тәсілмен суарылады. Ал Батыс Еуропалық елдердің өнімді суаруға енгізген жаңа тәсілдері бар. Соның бірі тамшылатып суару. Бұл әдістің қандай тиімділігі бар? Еліміз орналасқан географиялық аумақта бұл тәсілді қолдану бізге тиімді ме? Қазақстанның агросаласын дамыту үшін ақылды технологиялар қандай мүмкіндіктер береді? Осы және өзге де сұрақтарды басшылыққа алып суарудың ерекше тәсілі жайлы жазғанды жөн көрдік. Тамшылатып суару өсімдіктің тікелей тамырлық зонасына құбырлар, түтіктер, эмиттер көмегімен суды баяу тамшылату арқылы суаруға мүмкіндік теретін тәсіл. Сонымен қатар, оны тыңайтқыштарды үнемдейтін ерекше суару түрі деп те атайды. Тамшылатып суару әдісі бүгінде Батыс Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Ақылды технологияларды агросалаға енгізгелі бұл тәсіл шет елдерде арнайы құрылғылардың көмегімен жұмыс жасауда. Алайда, бұл жаңа технологиялар тамшылатып суару әдісінің жақын аралықта пайда болғанын білдірмейді. Оның тарихы б.з.б. І ғасырдан бастау алады. Бұл кезеңде тамшылы суарудың қарапайым түрі қолданылған. Сол заманның ғұламалары өз еңбектерінде егістікті суару үшін жерге сумен толтырылған қыш құмаралардың көмілгендігін жазған. Яғни, жерді ылғалдандыру үшін егін егушілер ортасында осындай әдіс қолданылған. Тарихи деректер бойынша,заманауи тамшылатып суару 1860 жылы Германиядан бастау алған. Тамшылатып суару кезінде құбырдың бітелуінің алдын-алу үшін арнайы сүзгілер қолданылады. Ережелер бойынша, ауыз су ретінде пайдануға сәйкес тазартылмаған суды ауада шашуға да рұқсат етілмейді екен. Дұрыс жоспарланып, жобаланған және басқарылған суару жүйесі булануды азайтып, су ресурстарының сақталуына септігін тигізеді. Себебі, бұл әдіс арқылы судың өсімдік тамырына жетуі дәлірек жүреді. Тамшылатып суару әдісінің негізгі артықшылықтары: алқапты тегістеуді қажет етпейді; топырақ эрозиясы азаяды; арамшөптер жиі шықпайды; басқа суару түрлеріне қарағанда, еңбек құны аз; тыңайтқыштар мен құнарлы заттардың жоғалуын азайтады; ең негізгісі, суды үнемдейді. Тамшылатып суару әдісінің кемшіліктері: технологияларды сатып алу үшін, алғашында көп шығын шығады; жабдық қадағаланбаса бітелуге әкеледі; құбырлар кеміргіштердің кесірінен жиі жарамсыз болып қалады. Шет мемлекеттерде бұл әдісті көбіне жылыжайларда, аспалы бақтарда қолданады. Тамшылап суару тамырға суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды біркелкі жеткізу үшін де қолданылады. Өсімдікті суару үшін құбырларды топырақтың астымен де, үстімен де жүргізуге болады. Бүгінде бұл әдістің тиімділігін еліміздің шаруагерлері жақсы біледі. Осыған сәйкес, осы жүйеге өтіп жатқандардың да саны көбейіп келеді. Осы әдіспен суару жүйесіне көшкен шаруалар саны күн санап арта берер болса, еліміздің агросаласының жаңа белеске шығары анық.