Алғаш сатып алған кезде смартфондарыңыз бен планшеттеріңіз әп-әдемі болып жарқырап тұрады. Бірақ қаншалықты ұқыпты, мұқият ұстасаңыздар да әлгі су жаңа заттарыңыздың бірнеше апта өткен соң экраны сызылып, жырылып қалатынын жақсы білесіздер. Мұндай оқиғаға тап болған адамдардың басым көпшілігі гаджеттерінің бетін ауыстырып, түрлі қабыршақ жабыстырып жатады. Алайда артық шығынға батпай, ұялы телефоныңыздағы сызаттарды кетірудің қарапайым жолдары бар екенін естен шығармаңыздар. Біз бүгін сіздердің назарларыңызға соларды ұсынғымыз келіп отыр. Олар төмендегідей:
1. Тіс пастасы.
Телефоныңыздың экранында тырнағыңыздың ізі қалып қоятын кездер жиі болады. Ондай жағдайда ең алғашқы көмекті ваннаңыздан іздеңіз. Ол – кәдімгі күнделікті өмірде қолданатын тіс пастаңыз. Бірақ бір ескеретін жайт, оның міндетті түрде тіс пастасы екеніне көзіңізді жеткізіңіз, гель немесе басқа бір затпен шатастырып алмаңыз. Оны пайдалану жолы мынадай:
- Пастаны аз мөлшерде алып, мақта немесе жұмсақ матаға жағыңыз.
- Содан соң сызылып қалған жерді асықпай сүртіңіз.
- Болғаннан кейін экраныңызды сулы шүберекпен сүртіп, артық қалған пастаны алып тастаңыз.
2. Көліктегі жырықтарды кетіретін құрал.
Машина сыртындағы жеңіл-желпі жарақаттарды кетіретін Turtle Wax, 3M Scratch және Swirl Remover секілді иісмайлардың көмегі көп. Оны таза әрі жұмсақ матаға жағып, смартфоныңыздың сызылған бетін жайлап сүртіңіз.
3. Ас содасы.
Ас содасы да оңай табылатын қолжетімді зат. Оны да сызылып қалған экранды кетіруге қарсы қолдануға болады.
- Кішігірім сыйымдылықтың ішіне су құйып, үстіне сода салып, жақсылап араластырыңыз.
- Су мен содадан паста пайда болғанға дейін араластыра беріңіз.
- Дайын болғаннан кейін пастаны таза, жұмсақ матаға жағып, ұялы телефоныңыздың жырылған жерін сүртіңіз.
- Ал одан соң экраныңыздағы сода қалдықтарын ылғалды шүберекпен сүртіп алуды ұмытып кетпеңіз.
4. Балалар ұнтағы.
Суға араластырылған балалар ұнтағы да сізге паста береді. Ал ол сіздің планшетіңіздегі немесе ұялы телефоныңыздағы ұрылып, сызылып қалған жерлерді кетіре алады. Оны жоғарыда айтылған ас содасы секілді пайдаланасыз.
5. Өсімдік майы.
Көзге қатты көрінбейтін кішігірім сызықтарды кетіруге өсімдік майы көмектеседі. Бұл майдың бір тамшысының өзі сіздің гаджетіңізді белгілі бір уақыт жаңа күйіндегі қалпына әкеледі.