Google кез келген тағамның суреті арқылы калориясын анықтауға мүмкіндік беретін жаңа бағдарламалық қамту дайындап жатыр. Компанияның ғылыми қызметкері Кевин Мерфи (Kevin Murphy) АҚШ-тың Бостон қаласында өткен Rework Deep Learning Summit атты іс-шарада Im2Calories жобасын таныстырды. Аталған жоба денсаулық пен фитнес салаларын негізге алып, жасанды сананың жаңа формасын жасауда.
Ресми ақпаратқа орай, Im2Calories мобильді қосымшасы тағамның түрі мен көлемін анықтау үшін суреттің әрбір пикселін анық зерттеп, күрделі алгоритмдік тапсырмаларды орындайды.
«Расында бұл қазіргі заманның адамдарына өте пайдалы қосымша болмақ. Әсіресе артық салмақтан арылғысы келетіндер үшін ұтымды жоба», - дейді Кевин Мерфи.
Im2Calories жобасы қолданысқа толығымен дайын емес болса да, тұтынушылар тарапынан қызығушылықтың мол екені байқалады. Құрастырушылар бұл қосымшаның көптің көңілінен шығатынына сеніммен қарауда.
Естеріңізге сала кетсек, Google бірнеше күн бұрын «ақылды» үйдің смарт-құрылғыларының орталық басқару пункті қызметін атқаратын Brillo атты жаңа оперативті жүйесін таныстырды. Алып комнания жаңа платформаның көмегімен болашақтың IT-нарығын жаулап алуды көздеп отыр.