Селфи (ағыл. selfie) – адамның фотоаппарат немесе телефонның алдынғы камерасының көмегімен түсірілетін автопортреті.
Селфи сапалы камерасы бар смартфондар жаппай қолданысқа енгелі бері әйгілі бола бастады. Сондай-ақ, тек фото жүктеу арқылы қызыққа бөленуге болатын Instagram желісі де селфиге біршама қолдау көрсетіп келеді. Аталған әлеуметтік желі пайда болғалы бері адамдар айналасындағы барлық нәрсені суретке түсіруді әдетке айналдырды. Табиғаттың сұлу көріністерінен бастап, күнделікті асымызға дейін желіге жүктейтін болдық. Әрине адамдар суреттің ішінде өзінің болғанын да қалайды. Көшедегі адамнан суретке түсіру үшін өтініш айта беру де ыңғайсыз. Сондықтан қолдың қашықтығындай шамадағы суреттер сәнге айналып кетті. Міне, осылай селфи пайда болды.
Бүгінде селфиді мектеп оқушысынан бастап әйгілі адамдарға дейін түсіреді. Тіпті, сән әлемінде өте жылдам таралып, бөлек жанр ретінде қалыптасып та үлгерді.
Селфи смартфонның алдынғы камерасына қаратылып түсірілетін және айнаның алдында түсірілетін болып екіге бөлінеді. Бірінші түрі табиғилыққа жақын болады. Себебі онда фотографтың нағыз бейнесі түсіріледі. Ал айнаның алдында түсірілген суретте тек оның айнадағы келбеті ғана түседі.
Қазіргі кезде селфи түсіру үшін смартфондарға арналған ұштағандар сатып алуға болады. Бұл құрылғы қажеттіліктен туындап отыр. Өткен жолы шетелдік бір студенттің селфи түсіру мақсатында оң қолын 38 см-ге ұзартқаны туралы БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын.
Селфи түсіруге бірнеше кеңес:
1. Селфи түсіру кезінде кадрға енгелі тұрған әрбір нысанды мұқият қараңыз. Камераның ракурсы да суреттің сәтті шығуына ықпал етеді. Әртүрлі бағыттан бірнеше сурет алып, салыстырып қараңыз. Сосын қай жағы оң келсе, сол ракурсты үнемі қолдануға тырысыңыз.
2. Селфиді күндізгі жарықтың әсерімен алған жөн. Ал ымырт жамылып, кеш түскен кезде алдымен жарық көздерінің қай жақтан түсіп жатқанын анықтап алыңыз. Сосын жарықты камераға емес, бетке бағыттаңыз. Мұрын астына түсетін көлеңкені реттеген соң, суретке алуға болады.
3. Ұтымды портрет шығару үшін фотоаппараттың жарқылын пайдаланбау керек. Сол себепті кәсіби фотографтар әмбебап фотоаппараттың жарқылына сенім артпай, бөлек жарық көздерін алып жүреді. Егер жартылай қараңғы жерде селфи жасағыңыз келсе, жарқылдан бет-әлпетіңіздің жөнді көрінбей қалатынын ескеріңіз. Сол үшін бетіңізге қосымша жарық түсіруге досыңыздан көмек сұраңыз. Екі жақты жарықтың бір-біріне шағылысуы суреттің сапалы шығуына әсер етеді.
4. Әлеуметтік желілердің көптеген қолданушылары селфи жасау кезінде артқы фонға мән бере бермейді. Біреулер шашылып жатқан бөлменің сыртынан селфиге түссе, тағы біреулер жуыну бөлмесінде суретке түсуге құмар болады. Әдеттегідей қоғамның көзіне дәл осындай суреттердің көрініп қалуы да сізді ұятқа қалдыруы мүмкін. Сондықтан қай жерде, не нәрсенің артында суретке түскелі жатқаныңызды міндетті түрде тексеріңіз.
Сурет: best-mother.ru