Сандық медицинаның артықшылығы неде?

Сіз таңертең ерте оянып, жаттығу жасауға далаға шықтыңыз. Сосын 5 минут көлемінде денеңізді қыздырып алғаннан кейін көше бойымен жүгіре кеттіңіз. Қолыңызға тағылған смарт-сағат сіздің жүгіру жылдамдығыңыз бен әрбір қадамыңызды санап, жүрегіңіздің соғу импульсын бақылап отырады. Жаттығу барысында сіздің тәніңіздегі әрбір стандартты өзгеріс электронды медициналық базаға жіберіледі. Әрбір жаңартылған ақпаратпен бәрінен бұрын сіздің жеке дәрігеріңіз танысып отырады.

Үкімет бастамасымен құрылатын электронды медициналық базада еліміздегі әрбір азаматтың денсаулығы жайлы ақпарат ұйымдастырылмақ. Аталған базада кез келген адамға жеке портфолио құрылып, оның денсаулығындағы өзгерістер темпінің негативті не позитивті екені анықталып тұрады. Сәйкесінше, негативті тренд байқалған кезде, дәрігер тарапынан оның алдын алу шаралары жасалады. Осылай адам баласының денсаулығының нашарлауына негіз болатын аурулардың алдын алу мүмкін болмақ.

Планшет-дәрігер

Смарт-сағат жүрек соғысымен байланысы бар барлық қозғалыс функцияларындағы өзгерістерді бақылай алса, қарапайым планшеттің көмегімен сіз ауыртып алған бармағыңызды немесе аяғыңызды сканерлеу арқылы зақымның қандай деңгейде екенін анықтай аласыз.

Планшеттегі онлайн дәрігер қызметін атқаратын мобильді қосымша сіз жасаған сканер мен электронды орталық базадан алған ақпаратты бірге қарастыру арқылы, сол зақымға диагноз жасайды. Содан кейін кеңестер беріледі. Егер зақым деңгейі жоғары болса, міндетті түрде жедел жәрдем қызметі шақырылып, сізді емханаға эвакуациялайды. Бұл әрекеттердің барлығы автоматты түрде орындалады.

Жақын болашақта бір ғана құрылғының көмегімен адамның денсаулығына қатысты барлық ақпаратты қарауға мүмкіндік болады

Медициналық экожүйе

Үйде немерелерінің тәрбиесімен айналысып жүрген зейнеттегі кісілердің денсаулығына аса көп мән берген абзал. Себебін айтпасақ та белгілі болар. Сондықтан арнайы зейнет жасындағы адамдарға арналған мобильді құрылғылар оның денсаулығын тоқтаусыз бақылауда ұстауы тиіс. Бұл қарт кісінің абайсызда зақым алып, жедел жәрдем шақыра алмай қалған кезде қолданылатын қызмет түрі болуға тиіс. Мысалы, кісінің қолындағы сағатқа оның қан қысымының төмендегені жайлы ақпарат келіп түссе, мобильді қосымша сол кісінің геолокациясын жедел жәрдем қызметіне жібереді. Осылай сандық ақпараттың орталықтандыру жүйесін медицина саласында қолдану арқылы адам өмірін сақтап қалу үдерістерін жүзеге асыра аламыз.

Сандық медицина "Digital Kazakhstan" мемлекеттік бағдарламасының жоспарына кіріктірілген. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап міндетті сақтандыру қоры өз жұмысын бастады. Бұл әрбір азаматқа тиесілі медициналық ақпаратты орталықтандырылған онлайн базаға жинаудың алғашқы қадамы деуге болады. Адамның денсаулығын сақтау үшін дертке себеп болатын алғашқы белгілердің пайда болуынан оның алдын алу шаралары электронды медициналық қызметтер мен мобильді қосымшалар еншісінде болу тиіс.