- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Он жыл бұрын...
Он жыл бұрын смартфондардың мүмкіндігі қандай болған?
Қазіргі заманда технология қарыштап дамып келе жатқаны белгілі. Әрбір компания ай сайын жаңа мүмкіндікке ие өнімдерін таныстырып келеді.
Расында, жаңа технология біздің өміріміздің айырылмас бөлігіне айналып кетті. Ал осыдан он жыл бұрынғы гаджеттердің мүмкіндіктері шектеулі болғанын ұмытып та қалған болармыз. Ендеше тарих бетінде қалған ақпаратты тағы бір шолып көрелік.
Осыдан он жыл бұрын тұтынылған смартфондарда болған шектеулер:
Мультитач-дисплей
Қазіргі кезде сенсорсыз смартфонды «ақылды» телефон деп санаудың өзі ойға қонымсыз. Дегенмен, алғашқы смартфондардың дисплейі жылдам сезу қабілетіне ие болмаған. Ол кезде смартфон экранын күшпен басуға тура келетін. Ал оның ұтымды жолы арнайы жасалған стилустар (дисплей бетін басуға арналған қалам) еді.
Алғашқы мультитач-дисплей 2007 жылы жарыққа шықты. Ол атақты iPhone смартфондарының алғашқы нұсқасымен бірге пайдалануға берілген болатын.
Сапалы камера
Қазіргі кезде қолданылатын мобильді камералардың стандартты түсіру сапасы қанша деп білесіз? 8, 13, 20,7 немесе 24 мегапиксель ме? 2005 жылы мұндай сапа көрсеткіші туралы тек армандауға болатын.
Сараптамалық агенттіктердің жазуынша, он жыл бұрынғы ең сапалы камерафондар Nokia N90 мен N70 болған. Олардың сапасы 2 мегапиксель болып, 352х288 пиксель мүмкіндігіне ие еді.
Қосалқы жады
Қазіргі техно гаджеттерінің әуесқойларын 128 ГБ жадымен де таң қалдыра алмайсыз. Ал смартфондардың алғашқы түрлерінде барлығы өзгеше болған. Айта кетсек, негізгі жадының 128 МБ көлемге ие болуының өзі зор мәртебе еді. Ал қосалқы жады мүлде жоқ болатын.
Бармақ ізін анықтайтын сканер
Егер сіз бармақ ізін анықтайтын сканерге ие смартфонның иесі болсаңыз, оған әбден үйреніп қалғаныңызды жақсы білесіз. Енді смартфонды блоктан шығару, онлайн шоппинг жасау немесе әртүрлі төлемді жылдам әрі қауіпсіз орындау көп уақытты алмайды.
2005 жылы осындай мүмкіндіктердің болмағаны белгілі. Бармақ ізіне арналған алғашқы сканері бар смартфон 2009 жылы таныстырылған LG eXpo болды.
Сауықтыру (Фитнес) қосымшалары
Көптеген смартфон адамның күнделікті белсенділігін бақылауға бағытталуда. Ол үшін арнайы қосымшалар құрастырылып жатыр. Ал он жыл бұрын бұл ойымызға да келмеген. Ол кезде видеоны қай форматта ашу мен белгілі бір ойынды жүктеу үшін жедел жадыны босату әлдеқайда маңызды болатын.
Сіз қалай ойлайсыз? Осыдан он жыл бұрынғы смартфондар тағы қандай мүмкіндіктерден қалыс қалған еді?
Ұқсас жазбалар:
CES 2015. Kodak брендімен шыққан алғашқы смартфон
Африкада Intel жүйесі бойынша алғашқы смартфон шықпақ
Ж. Өрісбай