"Аполлон-13" кемесінің экипажы өмір үшін күресіп, ерекше рекорд орнатқанын білесіз бе? Олар басқарылатын ұшу барысында әлі күнге бұзылмаған рекорд жасаған.
Айға аяқ басатын үшінші топ - дәл осы "Аполлон-13" экипажы болуы қажет еді. Аппаратты үш ғарышкер басқарған.
- 42 жастағы Джеймс Артур Ловелл - командир;
- 38 жастағы Джон Леонард Суайгерт - командалық модульдің ұшқышы;
- 36 жастағы Фред Уоллес Хейз - Ай модулінің ұшқышы.
1970 жылдың 15 сәуірінде аспанда қалықтап жүрген ғарыш кемесінің сұйық оттегі толған багы жарылады. Бұл кезде "Аполлон-13" аппараты Жерден 330 мың шақырым қашықтықта болатын. Төтенше жағдайдан соң экипаж мүшелері Айға қона алмайтындарын түсініп, кері қайтуға шешім қабылдайды.
Экипаж өмірін сақтап қалу үшін бұрын-соңды зерттелмеген бағыт бойынша Айды толықтай айналып өтеді. Араға күн салып экипаж толық құраммен Жерге аман-есен қонады. Барлығы "Аполлон-13" кемесі аспанда 142 сағат 42 минут 22 секунд болған екен. Жер мен Айдың арғы бетінің ара қашықтығы 401 056 шақырымды құрайды. Әлі күнге бірде-бір адам баласы бұл межені бағындырған жоқ.
1995 жылы режиссер Рон Ховард ғарышкер Джеймс Ловелл мен жазушы Джеффри Клугердің "Жоғалған Ай" атты кітабының желісі бойынша "Аполлон-13" драмалық фильм түсірді. Дәл осы кинодан кейін экипаж мүшесі Джон Суайгерттің "Хьюстон, бізде проблема" (Houston, we have a problem) сөзі ел арасында танымал болды.