Менің досым – ит

Менің досым – ит
Фото: adme.ru
Аңға шықса қасына серігі ететін, ұры мен жаудан сақтайды деп үй күзеттіретін ит қазақ үшін қашанда киелі жануар болған. Оның ақылдылығына, адалдығына тәнті қазақ итті «Жеті қазынаның» бірі ретінде құрмет тұтқан. Бірақ... 
 
Соңғы уақытта итті жалғыздықтан құтқарушы құрал немесе сәнді бұйым ретінде қолданатындардың саны артқан. Әлеуметтік желіде «Итіме ұйықтар алдында кигізетін киім алдым», – деген иесі ғана мақтанатын, достары қуанатын, ал өзге адам жиіркенетін жазбалар толып жүр. Кешкісін қалада серуендеп жүрген сәтіңізде «шешіндіріп» тастаған кішкентай үй жануарын ұстап бара жатқан қала тұрғынын кездестіресіз. 

«Бала – шағасыз, жалғыз адамдар өзін алдау мақсатында ит ұстайды» – деп айтып жататын үлкендердің сараптама әңгімелерін жиі еститінбіз. Енді айнамызға зер салып қарап отырып, мынадай ойға келеміз: Шынымен адамдардың барлығы жалғыздық дертіне шалдыққан ба? 

Егер кең далада өмір сүрсеңіз, болмаса 1 бөлмелі пәтер емес, үлкен ауласы бар үйіңіз болып итті күзет ретінде ұстасаңыз, онда орынды болары сөзсіз. Итке деген махаббатыңыз шексіз болып, онсыз көңіліңіз орнына түспейтін болса қаланың қақ ортасында-ақ ит асыраңыз. Дегенмен, сайқымазақ секілді итті киіндіріп, бүкіл тапқан қаражатыңызға итіңізге "сөмке" алып, өміріңізді бос шығынға толтыратын болсаңыз, еңбегіңіздің жемісін қай уақытта татпақсыз? 

Ит – бала емес, қайырымсыз баладан да жаман. Киіндіріп, жуындырып, уақытыңызды арнағанмен сіз қиналғанда сілекейін шұбалтып бір жалағаннан басқа ешнәрсе істемейді. 

Ит – досыңыз. Сіздің досыңыз, менің досым, өзгенің досы. Оның ақылы мен адалдығына сенген бабаларымыздың өзі «Ит – адамның досы» деген. Бірақ ол отбасыңыздың орнын баса алмайды. Ойланыңыз.
Т. Есқали