Ғаламның бизнес қоғамы Лей Джунді Стив Джобспен, ал оның Xiaomi компаниясын Apple-мен салыстырады. Қытай нарығынан сыртқа шығып үлгермеген компанияны әлемдегі ең бай компаниямен тең қоюға нендей артықшылықтар түрткі болып отыр? Ал бизнес алыптарын салыстыру қаншалықты шындыққа жанасады?
Америкалық бизнес өкілдерінің басым бөлігі өзін Стив Джобспен теңеуге батылы жете бермейді. Бірақ Стив сынды тұлғаны Қытайдан табуға болады екен. Әлемде смартфон сатылымы бойынша үшінші орын алатын стартап Xiaomi компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Лей Джунді Apple басшысына теңейді.
Негізгі кеңсесі Бейжің қаласында орналасқан Xiaomi компаниясы Android платформасындағы қуатты MI-One смартфонын шығарумен айналысады. Аталған өнім бірдей қуатқа ие өзге бәсекелес гаджеттеріне қарағанда әлдеқайда арзан тұрады. Өткен жылдың күзінде MI-One смартфонының анонсы өткізілгеннен кейінгі алғашқы 34 сағатта алдын ала тапсырыстың саны 300 мыңға жеткен. Бір жылға жуық уақыт ішінде компания өзінің бір миллион өнімін сатып жіберген. Небәрі 5 жыл бұрын құрылған компанияның деңгейін жоғары сатыға көтеріп жіберген Лей Джун есімі бұдан кейін кең тарала түсті.
Лей жуырда ғана 45 жасқа толды. Бұрын Қытайдың ішкі бизнесіндегі негізгі салымшылардың бірі болған. Ал бүгінде Xiaomi компаниясының негізін салушы және басты үлескері. Джобс сынды Лейдің де жастардан құралған интеллектуалды инженерлер тобы бар. Сонымен қатар, Xiaomi компаниясы жыл сайын жас дарынды студенттермен кездесу ұйымдастырады. Ал Лейдің күнделікті микроблогтарын 4 миллионға жуық адам оқиды екен. Лей үшін әрбір қолданушы маңызды. Ол әр күннің бір сағатын компанияның MiTalk ішкі чаты арқылы пікір бөлісуге жұмсайды.
Лейдің әлемдік нарықтағы жетістігі осыдан сегіз жыл бұрын басталды. Америкалық Amazon компаниясы жас маманның Joyo.com онлайн-дүкенін 75 миллион АҚШ долларына сатып алады. Ал тағы үш жылдан кейін Джун мырза өзінің Kingsoft деп аталатын антивирусты компаниясын сатылымға қояды. Сондай-ақ, ол YY.com видео қосымшасы мен Қытайда әйгілі UC Web мобильді браузерін дамытуға қаржы бөледі. Сосын 2010 жылы Лей Джун өз досы, Microsoft және Google компанияларының бұрынғы инженері Лин Бинмен бірігіп, Xiaomi компаниясын құрады. Олардың басты идеясы жаңа технологияның қол жетімді бағамен сатылуын қамтамасыз ету болды.
Расында Лей жас кезінен Стив Джобс сынды дәрежеге жетуді армандағанын жоққа шығармайды. Бірақ Лей Стивтің киім кию үлгісін көшіріп алғанын мойындамайды. Ол көк джинсы мен қара водолазканы өзінің Vancl киім дүкенін жарнамалау мақсатында киетінін айтады. Ал әріптестері оны Лей-Бу-Си (Джобстың қытайша аты – Кьяо-Бу-Си) деп атаса қатты ашуланатын көрінеді.
«Егер Джобс Қытайда өмір сүргенде ол осындай жетістікке жете алмас еді. Себебі ол әрбір гаджеттің әдемі әрі жоғары сапаға ие болғанын қалады. Ал Қытай азаматтары сапалы және арзан өнім тұтынуды жөн көреді. Расында Қытайда компания ашып, оны дамыту үшін жергілікті биліктің орайына қарау керек. Көптеген америкалық компаниялар мұны пайымдай алмайды. Мысалы, Google Қытайдың коммунистік билігімен ортақ келісімге келе алмай, әлемдегі ең үлкен нарығынан айрылып отыр», — дейді қытайлық миллиардер.
Лей Джун Apple-дің аңызға айналған басшысы сынды айналасында шу шығарып келеді. Apple дизайны мен Samsung-тің мобильді функцияларын біріктіре алған MI-One смартфоны Қытай нарығында жетекші орын алып отыр. Лейдің атын шығаруда антивирус шығарумен айналысатын Qihoo 360 компаниясының басшысы Чжоу Хунвэмен орын алған келіспеушілік те өзінше әсер етті. Чжоудің айтуынша, Лей қолданушыларына бұрыс ақпарат беріп, әрбір смартфонынан $100 табыс алады. Осы орайда, Лей Джуннің «темір емес, софтпен табысқа кенелу керек» деген идеясы жоққа шығады. «Бизнестің аты бизнес» демекші, Лейдің компаниясы соңғы есеп бойынша 9 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр.
Ұқыпты қаржы маманы Лей Джуннің айтуынша, Қытайдың смартфондар нарығын бағалау үшін данышпан болудың қажеті жоқ. Белгілі бір статистикалық ақпаратты салыстыра білсеңіз болғаны. Мысалы, Қытайдың ең үлкен мобильді операторы China Mobile компаниясының тіркелген 667 миллион абоненті болса, АҚШ-тағы ең үлкен оператор AT&T компаниясының 100 миллион қолданушысы ғана бар. Бұл Қытайдың кейінгі орындағы операторлары болған China-China Telecom және China Unicom компанияларының көрсеткішінен де төмен. Ал өткен жылы Қытайда сатылған электронды өнімдердің тең жартысы смартфондар болыпты. Келесі жылы бұл көрсеткіш 75%-ға дейін көтерілмек. Ендеше Қытай халқының әл-ауқатын есепке алатын болсақ, нарықта арзан өнімнің көбірек сатылуына куә боламыз. Себебі iPhone 6 смартфоны Қытайда $1300 тұрса, MI-One аппаратын 320 АҚШ долларына сатып алуға болады. Xiaomi компаниясының жетістікке жету сыры да осында болса керек.
Лейдің күн санап табысы да артып келеді. Айта кетсек, 2012 жылы маусым айында Xiaomi өзіне алғашқы инвесторларды тартқан болатын. Investors include Morningside Group, Qiming Venture Partners, IDG, Temasek және DST қаржы компаниялары 216 миллион АҚШ долларын смартфон бизнесіне бөледі. Лейдің компаниясы сол кезде $4 миллиардқа бағаланған еді. Бұл сол кездегі канадалық Research in Motion компаниясының BlackBerry өндірушісімен тең. Компанияның 30% акциясын иемденіп отырған Лей 43 жасында миллиардер атанды.
Естеріңізге сала кетсек, Қытайдың енді дамып келе жатқан компаниясы жаңа технологияның бағдарына орай электромобиль шығаруға көшетінін хабарлаған болатынбыз. Қазіргі техно өнімдерін құрастырумен айналысатын компаниялар әмбебап стильге ауысып жатқанын пайымдауға болады.
Сурет: techcrunch.com, naked-science.ru
Оқи отырыңыз:
Xiaomi компаниясы да смартфондар нарығынан электромобильге көшеді
Xiaomi ультражұқа смартфондары таныстырылды
Xiaomi компаниясы ноутбуктер нарығында бақ сынайды
Xiaomi компаниясы смартфондар сатылымы бойынша әлемде үшінші орында