- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Көлік сатып алар...
Көлік сатып алар кезде нені ескеру керек?
Көлік сатып алу барысында көптеген сұрақтар туады: жаңадан алсам дұрыс бола ма әлде ұсталған көлікті арзан бағаға алсам жөн бе?
Қандай шешім қабылдасаңыз да, көлік таңдарда жадыңызға мына кеңестерді сақтап алыңыз:
1. Қолыңыздағы бар ақшаға көлік алмаңыз:
Ақшаңыздың 10-15% жөндеу жұмыстарына, күнделікті шығысыңызға сақтап қойыңыз. Ұсталған көлік алсаңыз бұл кеңестің жүзеге асары сөзсіз. Егер ақшаның барлығын көлікке жұмсасаңыз, отбасылық бюджетіңізде қиындықтар туындауы әбден мүмкін.
2. Көлікті «2-3 миллионның айналасында» деген оймен таңдамаңыз:
Өзіңізге керекті көліктің 2-3 түрін алдын-ала таңдаңыз. Бұл сізге эмоцияңыздың жетегіне еруге мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, таңдауыңыз түскен көлікті сіз алдын-ала зерттей бастайсыз: оның артықшылығы мен кемшілігін білесіз. Көлік таңдарда сізге үлкен септігі тиеді.
3. Сіздің қызықтырып жүрген көліктің орта бағасын есептеп қойыңыз:
Көліктердің орта бағасын білу сізге саудаласу үшін керек. Егер орта бағасын білмесеңіз, алаяқтардың уысына түсіп қалуыңыз әбден мүмкін.
4. Жақсы автокөлікті төмен бағаға сатады деп үміттенбеңіз:
Төмен бағамен сатылып жатырған аытокөліктердің бөлшектерінде ақау бар немесе заңмен байланысты мәселелерге ие. Егер көлігіңіз ұзақ қызмет етсің десеңіз, бағасы ортадан сәл жоғары болсын.
5. Алғашқы қорытындыны хабарландыруға қарап жасай беріңіз:
Егер суреттері сапасыз, әрі түсіндірмеде «Барлық сұрақтарға тек телефон арқылы жауап беремін» немесе «Көлік керемет жағдайда, бір жыл қолдандым» деген сынды әңгіме қозғалса хабарласпай-ақ қойыңыз. Бұлардың 95% -ы алаяқтар.
6. Көлікті қарау барысында міндетті түрде:
Иә, міндетті түрде құжаттарын тексеріңіз. Бәрі дұрыстығына, ешқандай қиындықтың тумайтынына көз жеткізіңіз.
7. Автосалондардан көлік аларда келісімшартты бар зейініңізді салып оқыңыз:
Келісімшарт 5-6 беттен аспауы тиіс. Несиеге алсаңыз тіпті мұқият болыңыз. Кей жағдайда өздеріне пайда алу мақсатында сізге тиімсіз ұсыныстарды арасына қосуы әбден мүмкін.
8. Тест-драйв кезінде ұсақ-түйектің бәріне мән беріңіз:
Рөлі дұрыс па, тежегіші дұрыс жұмыс жасай ма, желдеткіш ше? Осының бәріне аса қатты мән беріңіз.
9.Сатып алмастан бұрын көлікті арнайы орындарға барып тексертіңіз:
Бұған келісе қоятын көлік иесі өте аз, әрине. Дегенмен, болашақта сіздің меншігіңізге айналатын бұл көлікті бір рет тексертіп алуға сіздің құқығыңыз бар. Арнайы орындарға барып 5-10 мыңға шығындаласыз. Есесіне, сізді нашар автокөліктен сақтап қалады.
10. Автокөлікті отбасы үшін таңдаңыз:
Артқы орындары мен алдыңғы қатардағы орындардың арасындағы қашықтық ыңғайлы әрі жүк салғышыңыздың кең болғаны жақсы. Егер отбасылы адам болсаңыз, бұл артықшылқтар сізге көп жерде керек болады. Сонымен қатар,қауіпсіздік белдігі қаншалықты дұрыс жұмыс жасайтынын тексеруді ұмытпаңыз.
Жол ережесін сақтаңыз!
Т. Есқали