- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Көлік айдағанда шаршаудың...
Көлік айдағанда шаршаудың белгілері қалай байқалады?
Ұзақ уақыт көлік айдағаннан жүргізуші шаршайды. Бірақ оны сезбеуі де мүмкін. "Жол мұраты – жету" демекші, ол барар жеріне асыға түседі. Негізі шаршағанда өзіңді қинаудың қажеті жоқ. Бұл бірге келе жатқан жолаушы және өзің үшін қауіпті.
Автосарапшылар көлік айдағанда шаршағаныңды білу үшін кей ережелерді есте ұстауға шақырады. Ең біріншісі – өзіңді жайсыз сезіну. Көлік салонында температура қалыпты болса да ыстықтап, не жаурай бастасаң – шаршағанның белгісі.
Тағы бір белгісі – жаныңдағы адам айтқан сөздерді бірден түсінбеу, мән бермей тыңдау. Сондай-ақ жол ережесі белгілерін дұрыс көрмей, қарсы беттегі көліктерді аңғармай бастасаң бірден тоқтаған абзал.
Қалғып кетудің басты бір белгісі – есті жоғалту. Мидың бір сәт тынығуы. Мысалы, алдыңда бір май құю бекетін көріп, кейін оның жанынан қалай өткенің есіңде болмаса, онда бір қалғып кеткенің. Оны жолаушылар да, өзің де сезбеуің мүмкін. Бұл – қас қағым сәтте болатын құбылыс.
Рөлде отырып шаршағанның белгілері байқалса, бірден тоқтаңыз. Аз болса да тынығып алып барып сапарыңызды жалғаңыз.
Н. Үсенова