- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Көлігіңізде мына заттар...
Көлігіңізде мына заттар міндетті түрде болуы керек
Осыдан біраз жыл бұрын темір тұлпарды тізгіндеу дүйім жұртқа арман болса, қазіргі уақытта көлікті сатып алып, оны жүргізу адамзат үшін қалыпты жағдайлардың біріне айналды. Иесінің нұсқауымен қай жерге болсын жүре беретін машиналар оқыстан бұзылып жатады. Жаңа көліктердің өзі қай уақытта істен шығатынын сізге алдын ала ескертпейді. Тек арнайы құрылғылардың есебімен болжам жасап беруі мүмкін. Сондықтан ұзақ жолға шығарда көлігіңізде міндетті түрде болуы керек заттарды назарларыңызға ұсынамыз.
Ең бірінші қалта шамы, сіріңке, оттық болуы керек. Оны алыс жолға шығарда мұқият тексергеніңіз абзал. Себебі, көлігіңіз түнгі уақытта істен шыққанда, қараңғыда ештеңе байқай алмайсыз. Ал сіріңке мен оттықтың түрлі жағдайда керек болатынын естен шығармаңыз.
Көлігіңізде тұрғылықты жеріңіздің картасы немесе арнайы қондырғысы бар GPS-навигатор болғаны дұрыс. Бұл сізді өзге бір мекенде адасып кетуден сақтайды.
Сонымен қатар тамаққа да жақсылап көңіл бөлгеніңіз дұрыс. Ойлаған есебіңізден артық алуға тырысыңыз. Егер жол ортада қалып қалсаңыз, көмек келгенше асқазанды алдай тұру керек. Су, жеміс-жидек, әртүрлі нан мен құрғақ тәттілер көлігіңізге ауыр салмақ сала қоймайды.
Өзіңізбен бірге көлік құралдарын алып жүруді естен шығармаңыз. Жазымның қай уақытта болатынын ешкім де білмейді. Егер көлігіңіздің дөңгелегі жарылып немесе оңай ауыстырылатын жері зақымданса, өзіңіздің де тез арада ауыстыруыңызға мүмкіндігіңіз болады.
Ұзақ жолға шығатын уақытта мезгіл мен ауа райына бір рет болса да көз жүгіртіп алғаныңыз жөн. Сондай-ақ жылы киім, жамылғы, қолғап, күрте сынды заттарды көлігіңіздің бір бұрышына дайындап қойғаныңыз дұрыс.
Кейде өзіңізге немесе жолаушыларыңызға медициналық көмек қажет болады. Сол уақытта ең бірінші арнайы көлік қобдишасы көмектеседі. Одан тез арада жазылмасаңыз да, жақын жердегі емханаға жетуге мүмкіндік береді. Қобдишада дәке, мақта, ауырсынуды басатын таблеткалармен бірге этил спирті жүреді.
Ұзақ жол адамдарға жаңа мекенді таныстырып, керемет көңіл-күй сыйлайды. Саяхаттан ләззат алатын жандар әркез қыдыруға құмартып тұрады. Көліктің бұзылмағаны жақсы. Бірақ сақтықта қорлық жоқ.
B. ZHAQSYMBET