Қазіргі кезде саябақта, не табиғат аясында серуендеп жүріп, жерде жатқан қоқыс қалдығын кездестіріп қалу ғажап дүние емес. Иә, адам аяғы басқан жерге өзінің осындай ізін қалдырып кетпесе болмайтындай. Тасталған қоқыстың ішінде түрлі тұрмыстық заттар бар. Әрине, жұрт оларды көтеріп, қоқыс жәшігіне жеткізуге ерінеді, жиіркенеді. Дегенмен солай істесе, қоршаған ортаға зор пайдасын тигізетінін көпшілік біле бермейді. Бірі ол мәселе жайында бас қатырмайды, енді бірі өзгелерге сілтейді, үшіншілері бұл заттар сол жерде жатып шіріп кетеді деп ойлайды. Үшіншілердің ойы дұрыс. Алайда, олардың шіруіне неше күн, тіпті, неше жыл, ғасыр керек? Бүгінгі тақырып осы жайында. Ендеше түрлі тұрмыстық қалдықтардың ыдырап, жерге сіңуі қанша уақытты талап ететінін сандар айтып берсін.
Қоқыс түрлері мен олардың түбегейлі шіру уақыты:
Жануарлардың тезегі - 10 күнге дейін
Тамақ қалдықтары – 10 күннен 1 айға дейін (жазғы күндері 1-2 апта)
Қағаз сүлгі – 2-3 апта
Банан қабығы – 3-4 апта
Қағаз пакет – 1 ай
Бұтақ, жапырақтар – 1 айдан 1 маусымға дейін
Газет қағазы – 1 айдан 1 маусымға дейін
Алма қалдығы – 2 ай
Апельсин қабығы – 6 ай
Картон қорабы – 1 жылға дейін
Жіп – 1-1,5 жыл (қалыңдығына байланысты)
Қағаз – 2 жыл
Табиғи матадан тігілген заттап – 2-3 жыл
Жүн нәски – 1-5 жыл
Сүт қорабы – 5 жыл
Жуан бұтақтар – 10 жылға дейін
Ағаш тақтайлар – 10 жылға дейін
Темір арматура – 10 жылға дейін
Темір құтылар – 10 жылға дейін
Темекі тұқылы – 10-12 жыл
Темір – бірнеше он жыл (1 мм тереңдікке 10-20 жыл керек)
Синтетикалық мата, былғары етік – 40 жылға дейін
Пенопласт стақан – 50 жыл
Қаңылтыр құты – 90 жылға дейін
Фольга – 100 жылға дейін
Бетон, кірпіш сынығы – 100 жылға дейін
Авто аккумулятор – 100 жылға дейін
Металл бұйымдар – 100 жыл немесе одан да көп
Электр батареясы – 100 жылға дейін
Резеңке қаптар – 100 жылдан астам
Пластик бөтелкелер – 100 жылдан астам
Полиэтилен қабық (пленка) – 200 жыл
Бір реттік жөргек – 500 жыл
Алюмин құтылар – 500 жыл
Әйнек – 1000 жылдан астам
Көріп тұрғанымыздай, қалдықтардың жерге сіңіп жоқ болып кетуі үшін ұзақ жылдар керек екен. Бұл заттар жатқан күйі шіріп кетсе, әрине, түк емес қой. Ең өкініштісі, тұрмыстық қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерінде болып тұр. Ол жөнінде келесі материалымызда айта жатармыз.