Қазнет тарихындағы ең ірі келісім жасалды

Қазнет тарихындағы ең ірі келісім жасалды

«Бэринг Восток» жетекші инвестициялық қоры «Колёса» компаниясына 15 миллион АҚШ долларымен инвестиция салды.

Бүгін «Колёса» ЖШС «Бэринг Восток» қорының 15 миллион доллар көлемінде инвестиция салғаны және www.market.kz жаңа жобасының іске қосылғаны туралы хабарлады.

– Бұл қазақстандық интернет тарихындағы ең үлкен келісім, - дейді «Колёса» ЖШС Бақылаушылар Кеңесінің Төрағасы Михаил Ломтадзе. –«Бэринг Восток» қорларында Яндекс, Озон және Авито сияқты танымал интернет компанияларға инвестиция салудың аса табысты тәжірибесі бар. «Бэринг Восток» сынды халықаралық инвестордың келуімен біздің компания үшін даму мен нарықтық позициясын кеңейтуге үлкен мүмкіндіктер ашылады.

Еске сала кетейік, «Колёса» ЖШС Қазақстандағы автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу туралы жеке жарнамаларды жариялаудың көшбасшысы. Бұған дейін компания иелігінде www.kolesa.kz, www.krisha.kz сайттары болған еді. «Колёса» ЖШС директоры Николай Бабешкиннің айтуынша, жаңа қосылған www.market.kz сайты қазақстандықтарға кез келген тауарды сатуға, сатып алуға мүмкіндік береді. «Бізге салынған инвестицияны сайтты дамытуға жұмсамақпыз. Жуық арада нарықта бірінші болу басты мақсатымыз», - деп атап өтті ол бүгінгі баспасөз мәслихатында.

www.kolesa.kz және www.krisha.kz сайттары 2006 жылдың көктемінде іске қосылған. Қазіргі кезде www.kolesa.kz Қазақстанда автокөлік саудасы туралы хабарландырулардың №1 сайты, ал www.krisha.kz жылжымайтын мүлік бойынша Қазақстандағы №1 сайт. Өткен жылдың басында компанияны Михаил Ломтадзе мен Вячеслав Ким сатып алған еді.

– Компанияны былтыр Михаил Ломтадзе мен Вячеслав Ким сатып алғалы инвестициялауға баса мән бердік және жақсы нәтижелерге қол жеткіздік, - дейді «Колёса» ЖШС директоры Николай Бабешкин.- Өткен жылдың басынан бері www.kolesa.kz сайтының ай сайынғы тұрақты қолданушылары  60%-ға өсіп, 3,2 миллионға жетті. www.krisha.kz бұдан да жақсы нәтиже көрсетіп, 200%-ға өсті және ай сайын кіретін 1,1 миллион тұрақты қолданушымыз бар.

Бабешкин мырза былтыр іске қосылған kolesa.kz ұялы қосымшасы қазақстандықтар арасында аса танымал қосымшалардың бірі болғанын да атап өтті. Қосымша 750 000-нан астам рет жүктелген. 

Ақпарат көзі: «Колёса» ЖШС баспасөз қызметі

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: affiliatejob.org

M. Auelkhan