Жаздың тіл үйірер көкөнісін сатып аларда санитарлық-гигиеналық қадағалау саласы мамандарының кеңесін ескерген абзал. Астанада шілдеге дейін сауда орындарындағы жеміс-жидек пен көкөністің құрамындағы нитратты тексеру үшін 1381 зерттеу жасалыпты. Оның 34-і қарбыз-қауынға қатысты. Зерттеу нәтижесінде қарбыз бен қауын құрамында нитраттың шамадан тыс болатын жағдайлары анықталған. Сол себепті елордалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімі мамандарының мұндай көкөністі сатып аларда тұтынушыларға қандай кеңес беретінін назарларыңызға ұсынамыз. Қарбыз бен қауынды көлік жолы бойындағы сатушылардан алмаңыз. Автомобиль газын аса көп мөлшерде бөлінетіндіктен көкөніс ауыр металдарды сіңіріп алады. Егер жол жиегіндегі саудагерлерден қарбыз сатып алатын болсаңыз, сатушыдан сауданың заңдылығы мен қарбыздың қауіпсіздігі туралы құжатты талап етіңіз. Қарбыз-қауын сатылатын орындар қоршалып, Күн сәулесінен, жауын-шашыннан қорғалуы қажет. Көкөністі шатырдың астына, биіктігі 20 см-ден кем болмайтын арнайы сөрелерде сақтау керек. Қарбыз-қауынды сатып алмас бұрын оны кесіп алып, дәмін тату дұрыс емес. Мамандардың айтуынша, бұл қауіпті. Себебі күнұзақ қауын-қарбыздың сыртына жиналған зиянды заттар оның ішіне енуі мүмкін. Пышақтың тазалығына да ешкім кепілдік бере алмайды. Қарбыз бен қауынды сатып алмас бұрын қабығының бүтіндігіне назар аударыңыз. Көп жағдайда көкөністің шұңқыр пайда болған жерінің ішкі жұмсағы ашып кетеді. Мұндай сызаттар қарбыз-қауынды тасымалдау кезінде пайда болады. Көкөністерден 1 жасқа дейінгі сәбилер жиі уланады. Сондықтан бала емізетін аналардың қарбыз-қауынды жемегені дұрыс. Ал ересектер балалардың қарбызды қабығына дейін жемеуін қадағалауы керек. Қарбыз қабығында нитрат көп болуы мүмкін. Әрине, ең маңызды талап қауын-қарбызды жуып жеу керек. Қарбыз бен қауыннан уланудың бірден-бір себебі осы қарапайым әдепті сақтамау. baribar.kz