Смартфон нарығындағы алпауыт Apple компаниясының өнімі iPhone-ға тең келетін ұялы телефон болмай тұр. Филлиппинде тұратын дизайнер Имран Тэйлор iPhone 8 смартфонының тағы бір сызбасын жасап шығарды. Оның нұсқасы бойынша, iPhone 8 5,8-дюймге ие болып, OLED-дисплеймен жабдықталады. Алып-қашпа сөзге сенетін болсақ, iPhone 8 екі немесе үш түрлі нұсқада жарық көрмек. Олар бір-бірінен техникалық мүмкіндіктері арқылы ерекшеленбек.
Дизайнердің пайымдауынша, аппарат корпусы сұйық металлдан жасалады, ал қалыңдығы 6,9 мм-ді құрайды. Сондай-ақ Apple бүкіл iPhone өніміне тән Home батырмасы мен Touch ID сканерін бұл жолы шығармайды, батырманың орнына сенсорлы панель қолданылмақ. Бұл пайымға сенсек, Айфон 8 экраны толықтай сенсорлы болады.
Техникалық мүмкіндігіне келсек, концепт авторы айфонның сегізінші түрінде А11 жаңа процессоры, 3D камера, сымсыз қуаттағыш пен стереодинамика болатынын айтып отыр.
Бір қызығы KGI Securities сарапшысы Мин-Чи Куо да Apple компаниясы келесі өнімін шығарғанда Touch ID сканерінен бас тартатынын айтқан. Мин-Чи Куо мырза жарты алма таңбасын бренд қылған компанияның алюминий қораптың орнына қайтадан әйнек қорап қолданатынуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі сарапшылар iPhone 8 нұсқасының қандай болып шығатыны туралы қызу пікірталас ұйымдастыруда. Олар iPhone 8 өнімінде адамды түрінен танитын мүмкіндік болатынын болжап отыр. Смартфонның оперативтік жады 3 Гб-қа жетпек. Сондай-ақ әйгілі компания бұл жолы қызыл түсті iPhone шығаруы мүмкін. Бұрын компания сұр, ақ, қара, алтын түстес смартфон шығарып келсе, ендігі нұсқасында қызыл түсті де қосуы ғажап емес.
Әзірге бұның бәрі – тек болжам. Соңғы сөз, соңғы шешім – смартфон авторларында. Америкалық Apple компаниясы өз дәстүрінен жаңылмаса, iPhone 8 2017 жылы жарық көретін болады.