Токио қаласында әлеуметтік желіге біреудің атымен кірді деген күдікпен 25 жастағы азамат ұсталды. Ол өзге бір қыздың логині мен паролін кибер-шабуылмен иемденіп алған. Жәбірленуші болған жағдайға қатысты дереу құқық қорғау қызметкерлеріне шағымданған.
Әзірге аты аталмаған хакер жапон азаматшасының Facebook әлеуметтік желісіндегі аккаунтын бұзу үшін 17 рет кіруге талпынғаны белгілі болып отыр. Тергеу барысында құрықталған адамның қанжығасында Facebook пен iCloud платформаларына тіркелген 700 азаматтың жеке ақпараттары бар болып шықты. Әзірге кибер-қылмысты жасаған азаматтың осынша аккаунтқа кіру мүмкіндігін қайдан алғандығы туралы мәлімет берілмеді.
Бұл өзге біреудің әлеуметтік желідегі аккаунтына заңсыз кіруге қатысты Жапониядағы алғашқы қылмыстық іс болып отыр.