Таңертең ұйқыдан ояна сала сағат қарау үшін телефонды қолымызға алғаннан кейін автоматты түрде инстаграмға кіріп, парақашаларын ақтарып шығамыз. Бұл әрекетке не себепті, қалай барғанымызды да аңғармай қалып жатамыз. Осылай басталған күніміз, қол қалт еткенде инстаграм "өздігінен ашылып", тынығуға жатқанда әлі сол желіде байланып, ұйқыға кете алмай жатамыз.
Инстаграмның ішінде аса қызық жоқ екенін біле тұра, басқа ермек болмағанда еріксіз аша береміз. Сонымен күніміздің көп бөлігі еш пайда бермей өте шығады. Бұл жеңіл қарайтын мәселе емес, күресу керек. Ол үшін мына қағидаларды қолданып не өзіңізге лайықтап ережелер жасап көріңіз.
– Инстаграм желісінде 60-тан артық адамға жазылмау. Қазір телефонды қолға алып, өзіңіз жазылған адамдар санын азайтыңыз. Әсіресе тым көп, қызықсыз, пайдасыз сурет салатын қолданушылардан құтылыңыз. Жұлдыздар парақщасының барлығынан дерлік шығып кетуге тырысыңыз, олардың өмірін "тамашалағаннан" қандай пайда келетінін ойлаңыз.
– Таныс-бейтаныстарға өміріңіз туралы есеп бермеу. Өзіңіз сурет жариялағанда жүрген-тұрғаныңызды, ішкен-жегеніңізді толықтай жазбаңыз. Әр оқырманға есеп беруге міндетті емессіз. Суретке түсірілген мекен жайын жазып, дәл уақытында салу сәнде шығар, бірақ ол күндердің күнінде сізге қастандық жасайтындарға көмек болуы мүмкін немесе өзіңізге қарсы қолданылады. Сәл "жұмбақ" болыңыз.
– Күн құрғатпай сурет жариялау да жақсы әдет емес. Бір суретті салғаннан кейін келесі суретті араға 4-5 күн салып жариялауға тырысыңыз. Жазылушыларыңызбен күнделікті байланысып отыру да инста өмірге тәуелділікті, сапасыз, мәнсіз суреттер жариялауды алып келеді.
– Бір күнде екі суреттен артық салмау. Аса маңызды суреттер болмаса, бір күні "бәленшемен", "түгеншемен бірге" деп қатарынан бірнеше суретті самсатып қоюдың қажеті шамалы әрі ол көрген көзді жалықтырады.
– Әр суретке бір адамға болса да ой саларлық мәтін жазу. Сурет астына жазатын мәтінді ойдан-қырдан іздеп, "не жазсам екен" деп адамдардың мазасын алып, әркімнің жазбасынан жамау-жамау ұрлау да ешкімге абырой әкелмейді. Сурет туралы не өзіңізді толғандырған, шынайы жүрегіңізден шыққан сөзді ғана жазыңыз.
– Жеңіл әзілге құрылған мән-мағынасы жоқ видеоларды көріп, уақыт жоғалтпау. Көрген бейнежазбаңыздан ой түйіп, нәтиже шығармаған соң оның пайдасы қанша?
– «Интересное» парақшасына кіріп, бейтаныс әлеммен миды мазаламау. Мұнда сізге қатысы жоқ, танымайтын адамдардың суреті ғана болады. Пайдасыз ақпараттардың барлығын ми сүзбей қабылдай бергенде, қажетті мәліметке орын босамай қалмасын.
Ал сіздің қандай қағидаларыңыз бар?