iPhone 6 мен iPhone 6 Plus смартфондары бірнеше ай бұрын таныстырылған болса да, Apple аппараттың келесі ұрпағын екі айдан кейін жарыққа шығаруы ықтимал. Әзірге оның атауы қалай болатыны белгісіз. «iPhone 6s», «iPhone 7» немесе жай ғана «жаңа iPhone» деп аталуы мүмкін. Статистикалық ақпаратқа орай, көптеген iPhone тұтынушысы гаджетті оның жаңа нұсқасына ауыстыруға дайын екендерін айтады.
Мұндай статистикалық мәліметті RBC Capital Markets компаниясының сарапшы мамандары беріп отыр. Олардың айтуынша, сауалнамаға қатысқан 6 мың адамның 83%-ы Apple өнімінде қалатынын білдірген. Ал оның 50%-ы Apple смартфонын жыл сайын ауыстырып отыратынын білдірді. Ендеше, жаңа iPhone таныстырылған кезде қолданыстағы iPhone 6 смартфондары нарықтың екінші деңгейіне түсіп қалатын болады.
Ал Samsung шығарған смартфондарды тұтынушылардың 60%-ы өзге компанияның аппаратына ауыспайтынын мәлімдеген.
Нарықтағы қымбат смартфондар қатарына жататын iPhone 6 мен iPhone 6 Plus аппараттарының мыңдаған нұсқасы қайта сатылымға шығарылатын болады. Себебі олардың иелері жаңа iPhone-ды сатып алады.
Бейресми мәліметке орай, iPhone аппараттарының келесі ұрпағы 2 ГБ оперативті жадқа ие болып, 12 мегапиксельді камера мен Force Touch қызметін иемденеді. Ал смартфон A9 процессоры негізінде жұмыс істейтін болады. Әйткенмен де, ақпарат ресми расталмаған. Смартфонның техникалық өзгерісімен жуырда толық танысатын боламыз.
Apple қызметкерлерінің айтуынша, компания өнімдерін тұтынушылар смартфонды жыл сайын ауыстырғанды жөн көреді. Себебі жаңа таныстырылған гаджеттер көптеген жаңартуға ие болады. Мұндай үдеріс өзге смартфон өндіруші компанияларда сірә байқалмайды. Соның есебінен де, Apple бүгінде нарықтың ең үлкен үлескері атанып отыр.