Бүгінге дейін шығарылған iPhone смартфондарының корпусы алюминийден жасалып келді. Сол себепті өткен жылы Apple аппараттары тұтынушылар қалтасында майысып кеткен болатын. Apple бұл қателікті қайталамау үшін жаңа iPhone-ның корпусын өзге металл қоспасынан жасауды жөн көріпті.
Естеріңізге сала кетсек, купертинолық компанияның инженерлері Apple Watch смарт-сағатының корпусына арнайы металл қоспасын қолданғаны туралы жазған болатынбыз. Сонымен қатар, iPhone 6s өнімінің біршама үлкен болатыны туралы да ақпарат берген едік. iPhone 6s смартфонында металл қоспаның құрамы болғаны үшін біршама қалыңдайды. Есесіне жаңа смартфон iPhone 6 Plus сынды майыспай, берік корпусқа ие болмақ.
Келесі айда таныстырылатын смартфонның корпусы Youtube видеохостингінде гаджеттерді краш-тестен өткізетін Сонни Диксон есімді әуесқойдың қолына түскен. Сонни екі смартфонның корпусын салыстырып көруді ұйғарыпты.
Арнайы видео арқылы расында iPhone 6s корпусының біршама үлкен екенін көреміз. Сондай-ақ, оның шеткі тіреуіштері бір-біріне тығыз бекітілген. Series 7000 нұсқадағы алюминий iPhone 6s смартфонының майысуына жол бермейді. Дегенмен қоғамда түрлі пікір қалыптастыру үшін краш-тестің күрделі түрлері де ойлап табылатыны анық.