Ғалымдар: «Ең көне компьютерді Архимед жасаған болуы мүмкін»

Ғалымдар: «Ең көне компьютерді Архимед жасаған болуы мүмкін»

АҚШ пен Аргентинаның бір топ ғалымы «антикитерлік механизм» деп аталатын ежелгі есептеу құрылғысын Архимед құрыстырды деп тұспалдап отыр. Жаңа зерттеулердің нәтижесі компьютердің ертедегі аналогын гректер шамамен 2200-2300 жыл бұрын жасағанын көрсетеді. Бұл кезеңде Архимедтен асқан инженер болған емес.

Аталған механизм өткен ғасырдың басында гректің Антикитер аралының маңында шөгіп кеткен ерте заманғы кеменің ішінен табылған болатын. Көне компьютер өте күрделі механизмге ие. Сондықтан оны құрастыруға инженерлік біліктілігі жоғары адамның қатысқаны сөзсіз. Көне грек елінің ғалымдары қолданған аппарат астрономиялық өлшемдерді есептейтін аспап болған.

Механизмнің табылғанына бір ғасырдан асса да, оны толық зерттеу ХХ ғасырдың екінші жартысынан ғана басталды. Себебі оған дейін тарихи жәдігердің есептеу құрылғы екеніне ешкімнің көзі жетпеген болатын. Тек 1959 жылы Дерек Джон де Солла Прайс есімді ағылшын тарихшы ғалымы аппаратқа рентгендік зерттеулер жүргізіп, оның жұмыс прототипін жасап шығарады. Кейіннен 1997 жылы механикалық құрылғылар бойынша маман, лондондық Майкл Райт антикитерлік механизмді қайта зерттеп, Прайстың жіберген қателіктерін анықтайды.  

Дерек Джон де Солла Прайс жасаған антикитерлік механизмнің прототипі

Ол 32 қола тегершіктен тұрып, Ай, Күн және сол кезде белгілі болған ғаламшарлардың жүру бағытын нақты көрсете алған, күрделі математикалық есептеулерді жасаған. Одан бөлек, гректер антикитер механизмінің көмегімен біздің заманымызға дейінгі 205 жылы болған Күннің тұтылуын да анықтаған екен.

Демек ежелгі грек инженерлері есептеу құрылғысын біздің заманымызға дейінгі III ғасырда құрастырған. Аргентина Ұлттық Университеті мен Вашингтон қаласындағы Пьюджет-Саунд Университетінің зерттеушілері бізге жеткен астрофизикалық есептеулердің көмегімен механизмнің жасын анықтапты. Бұл зерттеулерге дейінгі гипотеза механизмнің б.з. 150 жылында жасалынғандығын көрсететін. Бірлесе жұмыс істеген ғалымдар тобы бұл гипотезаны жоққа шығарды.


Сурет: thecluru.wordpress.com

Ж. Өрісбай