- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Элон Маск: «Болашақта...
Элон Маск: «Болашақта адамзат үшін көлік жүргізу заңсыз болып саналады»
Tesla Motors компаниясының бас директоры Элон Маск болашақта көліктерді тек роботтар басқаратынын айтады. Ал адамның көлік жүргізуі заңсыз болып саналмақ. Масктың айтуы бойынша, автомобильдерді бірегей роботтар басқаратын болса, жол апаттарының саны нөлге дейін азаяды.
«Автономды тәртіпте қозғалатын көліктерден қауіптенудің қажеті жоқ. Бұл тура жеделсаты сияқты. Бұрын жеделсатыны бақылаушылар болған. Ал қазір белгілі бір жүйемен автономды жұмыс істей береді. Көліктер де солай басқарылмақ», - дейді америкалық миллиардер NVIDIA компаниясының бас директоры Джен-сун Хвангқа берген сұхбатында.
Транспорттық технология осы бағытпен қарқын алатын болса, көліктің құрылымы да өзгере түседі. Мысалы, көліктердің басым бөлігі гибридті және электр энергиясы негізінде жүретін болады.
«Менің ойымша, автомобильді концерндердің мүмкіндігін де ескергеніміз жөн. Дәл қазір әлем 2 миллиард көлікті пайдалануда. Оның барлығын автономды құрылымға ауыстыру үшін кем дегенде 20 жыл уақытымыз кетеді. Себебі барлық көлік компаниясының максимум мүмкіндігін ескерсек, жылына 100 миллион жаңа көлік шығарылады», - дейді ол.
Айта кетсек, Tesla Motors компаниясы электромобильдеріне өзін-өзі басқару функцияларын біртіндеп қоса бастаған. Мысалы, Model S моделінің «автопилот» тәртібі арнайы тетіктердің көмегімен көліктің жылдамдығын арттырып, төмендетіп отырады, қажет болған кезде оны тоқтата алады. Масктың айтуынша, биыл шығарылып жатқан Tesla электромобильдерінің 90%-ы автопилот тәртібіне дайын болады.
Сурет: hi-news.ru
Элон Маск Tesla Model S көлігін осы аптада жаңартады
Америкалық миллиардер Элон Маскті жетістікке жеткізген бес жоба
Ж. Өрісбай