- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Бойын желек басқан...
Бойын желек басқан ғимараттар
Әлемді урбанизация жайлағандықтан, қазір қалаға ағылған жұрт көп. Оларды үй-жаймен қамтамасыз ету үшін салынып жатқан үйлер де, жаңа аудандар да жетерлік. Үй салу мен мөлтек аудан жасау үшін жасыл желек оталып, орнына бетон ғимарат пен жолдар салынуда.
Заманауи мегаполистің кемшілігі де сол – жасыл желектің жоқтығы, табиғатпен байланыстың үзілуі. Ал жасыл желек жоқ жерде адам денсаулығы да нашарлайтыны белгілі.
Бірақ соңғы кезде адамзат жасыл желексіз өмір сүре алмайтынын толық сезінгендей. Экологиясы нашарлаған кейбір қалаларда көптеп саяжол мен саябақ салына бастады.
Қаланың экологиялық жасыл аймаққа айналдырудың тағы бір жолы – көпқабатты үйдің қабырғасы мен төбесіне жасыл желек егу, өсіру. Иә, мұндай ғимараттар әлемде баршылық.
Пайдалы жағы
Үйдің төбесіне, қабырғасына өсімдік өсірудің пайдасы өте көп. Біріншіден, көпқабатты ғимаратқа көрік пен сән береді, табиғатпен түрленген үй кімге болса да әдемі көрінері анық.
Оның үстіне, жасыл түс – адамға жылу сыйлайтын қолайлы түстердің бірі. Сондықтан жасыл желек жайлаған ғимарат эстетикалық жағынан тамаша үйлесім таппақ.
Ғимараттың қасбетіне, қабырғасы мен төбесіне өсімдік өсірудің басты артықшылығы – жасыл желектің у-шу мен дыбысты жұтатындығы. Қалада көлік пен адам көп екендігі белгілі. Одан шығатын шу да қатты. Оны жұтатын ең жақсы материал – ол өсімдік. Ғимараттың қабырғасына бақ өсіріп, ауладағы, көшедегі шуды кәдімгідей азайтуға болады.
Жасыл желектің тағы бір қасиеті – жылу сақтайтыны. Үйдің төбесіне өскен жасыл шөп үйдің ішіндегі жылуды төбеден босқа шығармайды, ұстап тұрады. Ал ғимараттың қасбетіне өсірілген өсімдік қабырғадан шығатын суықты ұстап, жазда үйге түсетін күн сәулесі мен ыстықты азайтады. Былайша айтқанда, үйдегі температураны бірқалыпты ұстап тұрады.
Ғимараттардың көбінде вентиляция жүйесі, ауа тазарту құралы жоқ. Ал бұл адам денсаулығы үшін өте маңызды. Жасыл желек үйге кіретін ауаны тазартып, саф оттегіні бөлмек.
Егу жұмысы
Ғимараттың қасбетіне өсімдік егумен урбанисттер айналысады. Өкінішке орай, ТМД елдерінде мұндай мамандар жоқ. Олар ғимараттың орналасқан жері мен климатына, түсетін күн сәулесіне қарап өсімдік таңдайды. Жоғары қабаттың қабырғасына күн сәулесін сүйетін өсімдіктер егілсе, төменгі жағына көлеңкені ұнататындары егіледі.
Жасыл желек екі жолмен егіледі. Бірі – ғимараттың сыртына металдан, ағаш пен жіптен каркас-қаңқа құрылып, соған оралып өсетін өсімдіктерді егу.
Екіншісі қиындау жол. Мұны «тірі қабырға» десек те болады. Ғимараттың әр қабырғасына арнайы контейнерлер қойылып, соларға өсімдік егіледі. Жасыл желекке уақыт бөліп қарап, суарып отыру қажет.
Қ. Слямбек