Ғаламторда қалталы жандарға арналған әлеуметтік желі ашылатын болды. Оған тіркелудің өзі 9 000 АҚШ долларын құрамақ. Ал әлеуметтік желі аты «байларға арналған facebook» немесе «netropolitan» деп аталмақ екен.
Бұл жобаны қолға алып отырған мамандар «уақытынан ақшасы көп жандарға» арналған желінің болашағы зор екенін баса айтуда. Тіркелуші алдымен 9 000 АҚШ долларын төлейді. Кейіннен жыл сайын 3 000 АҚШ долларынан тағы да қаржы құйып тұрады. Сонымен қатар, жаңа желі «қонағының» жасы 21-ден асуы тиіс, және жеке парақшаларында шын аты-жөндерін жазулары шарт.
«Netropolitan» әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Джеймс Тоучи Петерстің айтуынша, қалталы жандар арасында әлеуметтік желінің пайда болуы қажеттіліктен туған дүние екен. Олардың да өзара пікір алмасуына жағдай жасау қажеттігін алға тартуда. Өтініш қабылдауды бастап кеткен желі тіркелушілерінің санын құпия ұстайтынын да жасырмады. Тағы да бір айта кететіні, әлеуметтік желіде жарнамалар тақтасы болмайды. Қолданушы қандай да бір қиындыққа тап болар болса, модераторлар кез келген уақытта көмек қолын соза алатын болады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: e-communication.hu