Кей адамдар интернетті өз пайдасына жарата алса, енді бірі мессенджерлерде қалай сөйлесу керектігін әлі күнге дейін білмейді. Біз күнделікті өмірде қолданатын әдеп дейтін түсінік интернет әлемінде де бар екенін естен шығармыңыз!
Маған қашан жауап береді?
Мессенджерлер арқылы хабарлама жіберу жылдам іске асқанымен, оған жауап алу уақытты керек етеді. Тіпті, хабарлама сол бойда оқылса да, ол сізге дереу жауап береді деп ешкім кепілдік бермейді. Сіз әңгімелесіп отырған адамның қолы босамауы немесе жауап беруге қажетті ақпарат болмауы мүмкін. Әрине, жауап бермесе көңіліңізге тиеді. Бірақ, оған бола ренжуге болмайды.
Оған хабарлама туралы бірнеше уақыттан соң есіңе салыңыз. Егер жауап дәл қазір керек болса, қоңырау шалыңыз.
Түнде жұмыс туралы жазуға бола ма?
Егер шұғыл болмаса, әріптесіңіздің мазасын алмаңыз.Біріншіден, бұл сіздің әдепсіздігіңізді білдірсе, екіншіден сіздің адамдардың жеке өмірі мен уақытына деген сыйластығыңыздың жоғын білдіреді. Сонымен қатар, бұл хабарламаңызға жауап мүмкіндігіңіз өте төмен.
Хабарламаны қалай жазу керек?
«Блай» жазуға болмайды. Бұл – сауатсыздыққа апаратын жол ғана емес, өз тіліңізге деген құрметсіздік. Сондықтан, әріптерді орнымен қойыңыз. Сөздерді қысқартпаңыз. Тіпті, асығыс болсаңыз да мәтінді бір рет тексеріп шығыңыз. Егер пернетақтаңыз автоалмастыру қызметіне қосылған болса, онда сіз айтпақ болған сөздер автоматты түрде өзгеріп кетіп жатады. Сәйкесінше, ойыңыз да өзгереді. Сақ болыңыз.
Бас әріптер арқылы хабарлама жазуға бола ма?
Ғаламторда бас әріпті сөздер АЙҚАЙ ретінде қалыптасқан. Оны оқып отырған адам солай қабылдайды. Сондықтан, бас әріпті сөздерді жиі қолданбаңыз.
Аудио-хабарламалар жіберген дұрыс па?
Аудио-хабарламалар өте тиімді. Ол жазбаларға қарағанда көңіл-күйіңізді еркін жеткізеді. Бірақ, сіз сөйлесіп отырған адам оны тыңдай ала ма? Оның дәл қазір тыңдауға мүмкіндігі бар ма? Осыны да ескерген жөн.
Егер мекен-жай, телефонды жазуыңыз керек болса, ерінбей хабарлама тергеніңіз дұрыс.
Топтық чаттарда өзіңізді қалай ұстауды білесіз бе?
Көп адам бірлесе әңгімелесетін болғандықтан ол жерде ұрысып, артық сөз айтудың қажеті жоқ. Оның бәрін жеке хабарлама арқылы шешіңіз. Кейін өзге адамдардың талқылып жатырған әңгімесіне қатысы жоқ суреттер мен видеоларды жіберуден сақ болыңыз.
Нашар жаңалықты қалай жеткіземін?
Оны хабарлама арқылы жеткізуге болмады. Жағымсыз жаңалықтардың барлығы бетпе-бет кездесу арқылы айтылуы тиіс.