Америкалық миллиардер, өнертапқыш, инженер, голливудтық «темір адам» Тони Старктың өмірдегі прототипі, сонымен қатар, көп баланың әкесі Элон Маск 1971 жылы Оңтүстік Африка Республикасының Претория қаласында дүниеге келген. Оның әкесі инженер, ал анасы сән саласының маманы болған. Элонның жасы тоғызға келген кезде ата-анасы ажырасып кетеді. Миллиардер мінезінің қалыптасуына заманауи ғылыми-фантастика жанрындағы сатира жазатын Дуглас Адамстың еңбектері арқау болған екен. Ол әдебиеттен бөлек философия, генетика және тарих ғылымдарына қатты қызыққан.
1. PayPal: төлемнің жеңіл әрі жылдам жолы
Жас бағдарламашы 15 жасында өзінің Blastar деп аталатын ең алғашқы видео ойынын 500 АҚШ долларына сатады. Ал 17 жасында Канада азаматтығын алып, Монреальға аттанады. Бірінші жылы кез келген жұмысқа көндігіп, күн көрудің амалын жасайды. Кейіннен Онтариодағы Корольдік Университетке оқуға түсіп, өзінің болашақ жарымен танысады. Элон Канададан АҚШ-тың Пенсильвания штатына барып, экономика және физика салаларының маманы атанады, содан кейін оқуын Стэнфорд универстетінде жалғастырады. 24 жастағы Элон Калифорниядағы сабағына (Стэнфорд университетіндегі магистратура ілімі) екі рет қана барған екен. Осы кезден бастап, өзін бизнес маманы ретінде көрсетуге ұмтылған Элон Маск интернет, экологиялық таза энергетика және ғарыш салаларында жетістікке жетудің жолдарын іздей бастайды.
1995 жылы Элон інісі Кимбалмен бірге Силиконды алқаптың астанасы Пало-Альтодағы жалға алынған пәтерінде Zip2 медиаконтентінің жобасын жасайды. Бұл жоба төрт жыл өтіп, сол кездегі «дотком» (.com) сайттарының арасында көшбасшыға айналады. Элон Zip2 жобасын AltaVista компаниясына $300 миллионға сатып жібереді.
Сатылымнан түскен қаржыны электронды төлеу жүйесін құруға жұмсайды. Маск 2000 жылы Питер Тиль және Макс Левчинмен бірге X.com сайтының негізін қалайды. Осылайша бүгінде жетекші төлем жүйелерінің бірі PayPal-дің негізі қаланады. Басында компанияны басқаруға қатысты біршама келіспеушіліктер орын алғанымен, бұл жүйенің дамуына ешқандай кері әсерін тигізбейді.
X.com, яғни PayPal екі жылда маркетингтік компаниялар арасында үлкен беделге ие болып, оны eBay компаниясы $1,5 миллиард АҚШ долларына сатып алады. Үлкен сатылымнан Элонның еншісіне $180 миллион түседі. Бұл қаржы америкалық миллиардердің қазіргі бизнес-империясының қалыптасуына негіз болады.
2. Hyperloop: уақытты үнемдеу үшін
Элон Маск бұл жоба туралы 2012 жылы тілшілерге берген сұхбатында алғаш рет айтады. Ол жаңа транспорттың техникалық ерекшеліктерін ашып айтпай, «қоғамдық көліктің бесінші түрі» (темір жол, авиация, автотранспорт және кеме) деп қана шектеледі. «Бұл ешқашан апатқа ұшырамайтын, ұшақтан екі есе жылдам және тек Күннің энергиясын жұмсайтын транспорт түрі болмақ», - дейді бизнесмен Bloomberg BusinessWeek бағдарламасына берген сұхбатында.
Маск осы жобамен Калифорния губернаторы Джерри Браун және АҚШ президенті Барак Обамаға шығуды жоспарлаған болатын. Hyperloop жобасының алғашқы магистралі Сан-Франциско мен Лос-Анджелес қалаларын қосу үшін $70 миллиард қаржы жұмсалмақ.
3. Tesla Motors: қазіргі заманның талабы
Tesla Motors компаниясының негізін 2003 жылы Мартин Эберхард және Марк Тэппенинг есімді инженер-кәсіпкерлер қалаған болатын. Олар электромобильдер нарығындағы алғашқы компанияны өздері құрғандығына сенімді еді. Мартин мен Марк авто өндірісіндегі жанармай тұтыну принципін жоюды мақсат етті.
PayPal сатылымынан кейін байып кеткен бизнесмен 2004 жылдың ақпанында Tesla Motors стартабына $70 миллион инвестиция құйып, директорлар кеңесінің төрағасы болады. Маск британдық Lotus концепті негізінде құрастырылған Roadster спорткарының моделін жасауға қатысады. Бұл жоба үшін 2006 жылы Элон Маск Global Green экологиялық жүлдесімен марапатталады. Содан кейін компанияның директорлар кеңесіне Google компаниясының негізін салушылар Ларри Пейдж және Сергей Брин кіреді.
4. SolarCity: Маск эффекті
Расында SolarCity технологиясының провайдері Масктің жобасы емес еді. Оның негізін ағалы-інілі Линдон және Питер Райвтар қалаған. Ол 2003 жылы стартап компанияға 10 миллион АҚШ долларын салады.
SolarCity – бірнеше киловатт қуатқа ие жеке Күн электростанцияларының модулін қондырумен айналысатын компания. Бұл кішігірім өндіріс орындарын экологиялық таза энергиямен қамтамасыз ететін жаңа жоба еді. Жаңа электростанцияны толығымен сатып алуға кейбір компаниялардың қауқары жетпейтін болса, оны біршама уақытта бөліп төлеу мүмкіндігі де қаралған.
SolarCity концепті экологиялық таза әрі арзан энергия көзін өндіру болғандықтан, компанияға үкімет тарапынан салық төлеуде жеңілдіктер беріледі. Сондай-ақ, компания қазіргі кезде Tesla электрокарларының қуаттау орталықтарын дамытумен айналысып келеді. АҚШ азаматтарының біртіндеп электр негізінде қозғалатын көліктерге ауысуын ескерер болсақ, SolarCity қызметіне деген талап артатыны сөзсіз.
5. SpaceX: әуелгі мақсат Марсты бағындыру
Маск зымыран құрастыратын компания құруды өткен ғасырдың соңында жоспарлаған. Ол адамзатқа шексіз ғарышта саяхаттау мүмкіндігін беруді ойластырған болатын. Ең бірінші межеде Марсты бағындыру тұрған еді.
PayPal компаниясын eBay сатып алғаннан кейін, америкалық бизнесмен барлық жобаларын жүзеге асыра бастағаны белгілі. Солардың бірі Space Exploration Technologies Company немесе қарапайым түрде SpaceX еді. Элон бұл жобаға 100 миллион АҚШ долларын жұмсайды.
Оның есебі бойынша, қазіргі ғарышқа бағытталған зымырандар бағасы шамадан тыс жоғары. Оған әлемнің алып корпорацияларының бақталастығы төмен болуы себеп болып отырғанын жақсы білді. Сондықтан нақты есеп пен жаңа технологиялардың арқасында ғарышқа шығу мүмкіндігін қол жетімді етуді мақсат етті. Нақтырақ айтқанда, Элон Маск ғарышқа ұшырылатын зымыранды бір емес, бірнеше рет қолдануға болатын модулін құрастыруды негіздеуде.
Айта кетсек, SpaceX компаниясының алғашқы зымыраны Falcon 1 болды. Бұл жобаны дайындауға төрт жылда жүздеген миллион доллар қаржы жұмсалды. Осы орайда Маскке қаржылай қолдау білдірген оның бұрынғы бизнес серіктесі Питер Тиль (PayPal төлем жүйесін құру кезіндегі негізгі серіктесі) болды. Қазіргі кезде Элон Маск SpaceX компаниясы акциясының үштен екі бөлігін иембеніп отыр. Питер Тильдің инвестициясымен зымыранның Merlin, Kestrel және Draco деп аталатын үш қозғалтқышы үкіметтің араласуынсыз құрастырылды. Кейін 2006 жылдан компанияның жобаларына NASA ғарыш агенттігі де қызығушылық танытып, Falcon 1 сынақтарын өткізуге қолдау білдіретіндерін хабарлайды.
Масктің басты мақсаты Марсқа экспедиция ұйымдастыру болатын. Америкалық миллиардер өмірінің соңына дейін Қызыл ғаламшарды игерген тұлға атанғысы келетінін айтады. Осы орайда, SpaceX компаниясы Mars Colonial Transporter (MCP) жобасын жүзеге асыруда. 42 жастағы миллиардердің пікірінше, алдағы 10-20 жылдың көлемінде фантастика шындыққа айналады. «Мен өмірімнің соңын Марста өткізгім келеді. Зымыранмен апатқа ұшырап емес, әрине», — дейді ол әзілдеп.
Сурет: siliconrus.com, www.taringa.net, www.dvorak.org, www.spacex.com
Оқи отырыңыз:
Миллиардер "Темір адамдағы" технологияны іске асырды
2025 жылы дыбыстан да жылдам пойыздар іске қосылады
Tesla Model S P85D электрокары жаңа әлемдік рекорд орнатты
Тоқпен жүретін көліктің дамытылған түрі шығарылуы мүмкін