Өткен аптада Орегон Университетінің денсаулық және ғылым саласының зерттеушілері алғаш рет CRISPR техникасы арқылы адамның эмбрионына өңдеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жоба барысында бір жасушалы адам эмбрионының бірнеше ДНҚ-сына өзгертулер енгізілді. Ал, бұл зерттеушілердің басшысы атақты ғалым Шухрат Миталипов болды. Шухрат Миталипов Алматы қаласының тумасы болғанымен, 1995 жылдан бері АҚШ-та жұмыс жасап келеді.
Ол 2013 жылы «Nature» журналы жасақтаған үздік 10 ғалымның қатарына енген болатын. Оның алғашқы еңбектерінде адам эмбрионынан сау тін жасушаларын алды.
Осыған дейін адам эмбрионына өңдеу жұмыстарын жасау бірнеше елдің тәжірибесінде кездескенімен, олардың барлығы сәтсіз аяқталды.
Адам эмбрионына өңдеу жұмыстарын жасай отырып, адам геномындағы қауіпті дерттердің барлығын жоюға мүмкіндік ашылатынын білсек, бұл қазіргі таңда ең керекті салалардың біріне айналды. Миталипов жасаған бұл зерттеу жұмысы әзірге ең үздіктердің қатарында. Себебі, алғаш рет тәжірибе бір уақытта бірнеше эмбрионға жасалды. Екіншіден, адам эмбрионы денедегі бұрыс гендерді өңдеуге қауқары жететіні анықталды.
АҚШ-та клондау жұмыстарына тыйым салынған уақытта ғалым Қытайда бірнеше жыл еңбек еткен. Әрине, адам эмбрионының геномына жүргізілетін өңдеу жұмыстары халықтың наразылығын туғызуы әбден мүмкін. Соған қарамастан, ғалымдар осылайша айықпас дерттердің алдын алмақ.