Әлеуметтік желіні ұтымды пайдалану амалдары

Әлеуметтік желілерде жарнама таратуға негізделген ресейлік «Buzzcraft» digital-агенттіктің басшысы Андрей Шаккар Вконтакте мен Однокклассники сияқты әлеуметтік желілерді құр уақыт жоғалтқанша тұлғалық қасиеттерді дамытатын қосымша арна ретінде пайдалануды ұсынады. Өзіне сөз берейік...

Менің есімім Андрей Шаккар. Мен 26 жастамын және оның сегіз жылы әлеуметтік желілермен байланысты. Олар мен үшін ақпарат алудың басты көзі, солардың арқасында мен жеке бизнесімді ашып, жаңа танысулар орнаттым, көзқарасым өзгерді. Мен кедейлікке душар болмадым, деградацияға ұшырамадым және интернет-ботанға айналмадым. Және әлеуметтік желілер әлемді кері тартатын алып жауыздық деп санамаймын. Сіздер үшін әлеуметтік желіні ұтымды пайдаланудың амалдарын қарастырдым. Оқып көріңіздер.


Жалқаулықпен күресіңіз. Сізді ешкім Интернетте күштеп отырғызбайды ғой, соны ойландыңыз ба? Адам күніне бес сағат әлеуметтік желіде отыруы керек деген еш жерде заң жоқ! Сондықтан әлеуметтік желілер заманауи жастардың есірткісі деген тұжырым өтірік. Жалқаулық – міне, нағыз дарынды өшіретін жаман қасиет. Және әлеуметтік желінің мұнда еш қатысы жоқ. Өз парақшаңызға кіргенде өз-өзіңізге үйімнің бар тірлігі жасалды ма, немесе сабағым оқылды ма деген сұрақ қойыңыз?

Артық заттардан арылыңыз. Ешқандай «лайктар» шынайы кездесулер мен әңгімені алмастыра алмайды. Сондықтан суретіңізді ұнатқан немесе пікір қалдырға әрбір адамды іздеп отырудың қажеті жоқ. Әлбетте, бұл бәріне ұнайды, бірақ бұдан артық ештеңе жоқ. Бұған қоса, әрбір «лайк» басқан адамға «Сәлем! Қалайсың?» деп жазудың қажеті жоқ. Бұдан кейін түкке тұрғысыз әңгіме басталады да, ал бұл сіздің уақытыңызда алады. Адаммен әңгімелескіңіз келе ме? Оны бір шыны шайға шақырыңыз.

Қажетті дүниелерге ден қойыңыз. Вконтактедегі әрбір қолданушының жаңалықтар таспасында күніне 500-ден аса ақпарат жарияланады. Олардың бәрі сізге қажет пе? Сізге қажетті және қызықты деген авторлар мен қауымдастықтардың жазбаларын ғана көрсететін фильтрлер бар. 25 деген санға бейімделіңіз, бұдан көп емес. Қалған достарыңыз бен қауымдастықтар парақшаңызда қалады, тек кітапхана сияқты сақталатын болады. Оларды сіз әрдайым іздеу функциясы арқылы таба аласыз. Мұндай әдіс сізге қажетті және пайдалы ақпараттарды ғана оқуға мүмкіндік береді, демек артық затқа уақытыңыз кетпейді.

Кәсібилікке үйрететін қауымдастықтарға жазылыңыз. Әлеуметтік желілер – кәсіби біліміңізді жетілдіруге көмектесетін жақсы амал. Егер ұлы адамдардың дәйексөздерін оқып отыру кәсіби деңгейіңізге аса көп пайда әкеле қоймаса, онда бейінді қауымдастықтар жақын арада қолдануға мүмкіндік беретін ақпараттар береді.

Серіктес іздеңіз. Әлеуметтік желі қолданушысы өзіне ұнаған жаңалықты бір-екі батырманы басу арқылы өзгелермен бөлісе алады. Бұл кез келген қоғамдық немесе жеке бастамаларды дамытуға: марғауға қожайын іздеуден бастап жобаға инвестор тартуға дейін көмекші іздеуге септігін тигізетін ерекше құрал. Қоғамдық және саяси мансабын дәл осы әлеуметтік желілер арқылы жасай алған көптеген адамдар бар.

Әлеуметтік желілер – бұл адам қалауларының сырт бейнесі ғана. Егер адам бірдеңемен айналысқысы келмесе, ол әлеуметтік желіні сылтауратады. Егер ол өз өмірін жақсартқысы келмесе, онда басқалардың өрлеуіне куә болады. Егер адам шынайы өмірден қашқысы келсе, онда әлеуметтік желілер сол адамға пана болады. Сондықтан әлеуметтік желілермен қарым-қатынас орнатудың басты қағидасы – тұлға болуға негізделіңіз! Шынайы өмірде шынайы әрекеттерге баратын шынайы тұлға. Сонда әлеуметтік желілер жетістіктеріңізді еселейтін құралға айналады. 

Сурет: astro7.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина