Осыдан 15-20 жылдай уақыт бұрын негізгі қарым-қатынас құралы тек үй телефоны ғана болатын. Содан кейін мобильді құрылғылар келіп, одан соң пайда болған скайп бағдарламасы ғаламдық байланыс туралы көзқарасты түп-тамырымен өзгертіп жіберді. Енді қарым-қатынасқа түсу үшін артық ақша төлеудің қажеті жоқ. Әлеуметтік желілер адамның ажырамас бөлігіне айналып үлгерді.
Енді достарыңызға немесе туыстарыңызға хат жолдау үшін сізге конверт пен марка сатып алудың қажеті жоқ. Енді олармен байланысқа түсу үшін электронды жәшік қызметтерін пайдаланасыз. Бұлар хатыңызды бірнеше секунд ішінде жеткізеді.
Адамдар әлемнің әр нүктесінде жүрсе де, бір-бірімен әруақыт байланыста болуға мүмкіндік беретін әлеуметтік желілердің артықшылығы осы. Ал оның кемшілігі осының себебінен адамдардың шынайы өмірде кездесіп, әңгіме-дүкен құруы сиреп барады. Әсіресе, жастар. Киноға барып, саябақта жүруден қалған. Әлеуметтік желілер біздің интеллектуалдық, әрі физикалық тұрғыдан дамуымызға кері әсерін тигізіп жатыр.
Әрине, жылдам дамып келе жатқан бұл қоғамда ғаламтор адам баласына аз уақытта мол ақпарат алуға көмектеседі. Мысалы, қолайлы демалыс орындарын таңдау, ұшаққа билет брондау немесе қонақ үйден бір бөлмеге тапсырыс беру секілді әрекеттер жылдам әрі сапалы орындалады. Мәселен, белгілі бір мекендегі қонақ үйге тапсырыс бергіңіз келсе, сол қонақ үйдің ресми сайтына тіркеліп, тапсырыс бере аласыз. Бұл бар болғаны сіздің бес минут уақытыңызды алады. Ал жүктелген суреттер сізге дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Бұның бәрі, әрине, жақсы. Дегенмен, денсаулығымызды да ойлап, шынайы өмірден алыстамауды да ескергеніміз жөн. Алдағы он жылда тағы қандай өзгерістердің орын алатыны да белгісіз. Алдағы уақытта көре жатармыз.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: hd.wallpaperswide.com