- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Әлемдегі ең қымбат...
Әлемдегі ең қымбат көлік нөмірі – "1"
Жігіттердің көлік түріне, түсіне, бағасына және сапасына қызығатыны түсінікті. Оларды қызықтыратын тағы бір нәрсе - көліктің нөмірі. Елімізде «888», «777», «011» сынды түрлі қымбат бағалы нөмірлерді кездестіруге болады. Бұл нөмірлер көліктің құнымен пара-пар болуы да мүмкін. Сондықтан болар қымбат маркалы нөмірді көлікке тағып жүру сәнге айналған. Қалтасы көтерсе әрбір азаматтың өз еркіндегі дүние екенін ескерсек, әлемдегі ең қымбат көлік нөмірі сіз ойлағаннан да қымбат болып шығары анық.
Біріккен Араб Әмірлігінің тұрғыны әлемдегі рекордтық бағаны орнатты. Ол құны 14 млн доллар тұратын көлік нөмірін сатып алды. Ал көліктің нөмірі - ешқандай кескінсіз жай ғана «1».
Абу-Дабиде өткен көрме кезінде араб кәсіпкері Саид Абдул Гаффар Хоери «1» саны белгіленген көлік нөміріне 14 млн доллар ұсынып, әлемді таң қалдырды. Себебі бұл нөмірдің алғашқы құны – 27 мың долларға тең болған.
Аталған нөмір Гиннесс рекордтар кітабына кіріп үлгерген. 14 млн доллар төленісімен жаңадан салынып жатқан медициналық орталыққа аударылған. Нөмірдің қымбат болуына бірден-бір себеп, ол мәңгілік иесіне тәуелді. Көлік сатып алған кезде басқа нөмірге ауыстырудың қажеті жоқ. Осы нөмір жарап тұр. Бұл нөмір бір жанұяның мұрагерлік нөмірі де бола алады. Атадан балаға қалдыруға рұқсат берілген.
Әлемдегі ең қымбат көлік нөмірін сатып алған араб кәсіпкері бұл баға үшін өкінбейтінін айтады. Араға екі жыл салып бұл нөмірдің құны екі есеге өседі деп сенеді. Айта кету керек, Саид Абдул Гаффар Хоери осыған дейін де әлемдегі ең қымбат көлік нөмірлерін алушы ретінде танылған. Қазір оның қолында әлемдегі ең қымбат үші көлік нөмірі бар: «1», «5», «7». Аталған нөмірлер 10 млн мен 14 млн доллар арасындағы құнды ұстап тұр.
М. Ақан