Ақсүйектерге арналған Чех шынысы қалай жасалады?

- Ештеңе де! Мен мына түкке тұрмайтын чехтың шынысынан сорлы емес шығармын. Ол да күні бойы сенің ерніңді еміп бітті ғой. Үндеме, күлме де!- Жасын оның оң жақ иығынан кеп, екі бетін екі алақанымен сипалап ұстап тұрды да, ернінен сүйіп алды. Қыз көзін жұмды.
Дулат Исабеков “Қарғын” романы 


Шын мәнісінде Дулат Исабековтың “Қарғын” романдағы басты кейіпкер Жасын айтқандай чех шынысы түкке тұрмайтын дүние емес-ті. Тіпті, ол Кеңес Одағы кезінде америка джинсі, югослав жиһазы секілді көпшілік қол жеткізуге тырысатын сирек әрі сапалы тауарлар қатарында болатын. Одақ құлағанымен, сол Moser мануфактурасының шынылары әлі күнге дейін өз деңгейін жоғалтпай, керісінше көп елде оған деген сұраныс артып келеді. Ендеше, Moser шыныларының нендей ерекшелігі барын бірге бағамдап көрелік.

Moser шыны мануфактурасы - Карловы Вары қаласының шипалы минералдары сынды негізгі мақтаныштарының бірі. Людвиг Мозер аталған зауытты оңайлықпен аша салған жоқ. Көпшілік ем іздеп келетін қаланың ауасын ластамау мақсатында Чех үкіметі оған шыны шығаратын мануфактура салуға тыйым салды. Өйткені, шынының құрамдас бөліктерінің бірі, нақтырақ айтсақ, қорғасын оксиді адам денсаулығына зиян келтіреді. Өз зауытын ашпас бұрын Мозер 35 жыл бойы шағын шеберханада дайын шыны ыдыстарды гравюрамен сәндеп сату арқылы күн көрген. Шеберхана жұмысы 1857 жылы басталғандықтан Moser маркасының негізі сол жылы қаланды деп есептеледі. Мозер қорғасынсыз шыны өндіру әдісін ойлап тапқаннан кейін 1892 жылы өз мануфактурасын ашуға мүмкіндік алды. Аталған әдіс – әлі күнге дейін марканың коммерциялық құпиясы.

Алайда, бұл формула – Moser компаниясын богемалық әйнек шығарумен айналысатын басқа да мануфактуралардан ерекшелейтін жылғыз белгі емес. Біріншіден, бұл брендтің өнімдерін жылтыратуға жүн, агат немесе гематит қолданылады. Ал, басқа фабрикаларда шыныны қышқыл арқылы жылтыратады. Екіншіден, мануфактура шеберлері шыныны бояу үшін арнайы 12-ге жуық фирмалық бояу түсін ойлап тапқан. Оларға жартылай бағалы тастардың атауы қойылған: ашық көк түсті аквамарин, ашық жасыл түсті берилл, күлгін түсті аметист, ашық қоңыр түсті топаз. Үшіншіден, аталған марка өнімдерінің әрқайсысы қолдан жасалады.

Moser компаниясының тағы бір ерекшелігі — оның дизайны. Людвиг Мозер мен оның Лео есімді ұлы барлық сән жаңалығына ілесіп отыратын. Алғашында Лео мануфактураның арт-директоры болса, әкесі қайтыс болған соң оның басшысы қызметіне кірісті.

Компанияның әр өнімінің айрықша дизайны көздің жауын алады. Мысалы, әлі күнге дейін өндірістен алынбаған Victoria құмырасының дизайны атақты қылқалам шебері Альфонс Муханың «Гүлдер: Қалампыр» атты картинасының сарынымен жасалған. Дизайны 1900 жылы жасалған Royal, Paula мен Copenhagen сынды классикалық топтамаға жататын өнімдер тұтас ғасыр бойы өз беделін жоғалтпай келеді. Ал, заманауи шыны ыдыстарды Иржи Сахаек сынды әйнек суретшісі әрлейді. Оның жұмыстары британдық Виктория және Альберт мұражайында сақтаулы тұр. Сондай-ақ, компания Константин Гайдай есімді ресейлік дизайнермен бірлесе отырып «Күмбез» аталатын шампанға арналған бокалдар топтамасын жасады. Оладың қалыбы Покровск соборының күмбездеріне ұқсайды.

Жоғарыда атап өткен ерекшеліктермен қоса, көне қағидаларға берік әрі жаңашылдыққа құмар болудың арқасында компания көпшілік көңілінен шығып келеді. Бәлкім, ақсүйектердің дәл Moser мануфактурасының шыны ыдыстарынан ас ішуді құмартуының себебі осы шығар. 1900 жылдың өзінде-ақ Людвиг Мозер парсы шахы Мусафередин мен британ монархы Эдуард VII секілді ақсүйектердің ресми шыны ыдыс жеткізуші саудагері болған. 1923 жылы жасалған Pope (яғни, «папа») аталатын шыны ыдыстар Ватиканға арнайы Пий XI Рим папасына жөнелтілді. Moser компаниясының ең танымал, 24 карат алтынмен безендірілген Splendid аталатын бокалдар топтамасы 1947 жылы Елизавета II патшайымның үйлену тойына тартылған арнайы сый болды. Ал, Copenhagen топтамасының бокалдары түрлі ресми кездесулермен қатар, белгілі адамдар бас қосатын түрлі жиынның сәніне айналған.  

Moser мануфактурасы ыдыс-аяқпен қоса, Карловы Вары қаласында өтетін Еуропа кинофестивалінің арнайы марапаты саналатын «Шыны глобусты» да дайындайды.

Қазіргі таңда ғасырдан астам тарихы бар мануфактураның тыныс-тіршілігімен танысамын деушілерді компания құшақ жая қарсы алады. Фабрикаға саяхат жасау барысында тек дайын өнімдерді көріп қана қоймай, шеберлердің шыныдан шедевр жасау рәсімінің куәгері болуға да мүмкіндік мол.