Ақшаны қайда жұмсаған дұрыс?

Ақша. Нарықтық экономика дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, ақша туралы тақырып өзектілігін жоғалтпайтыны анық. Біздің күнделікті шығынымызға шек жоқ. Бірақ, уайымсыз болашақты қамтамасыз ету өз қолымызда.

20  жасыңызда тапқан қаржыны қайда жұмсаған дұрыс?

Білім:
Бірнеше жылдан соң кәсіби маман ретінде жұмысқа орналасыз немесе қазір бір мекемеде қызмет етіп жатырсыз. Егер тапқан табысыңыз артылып жатса, болашақта өзіңіз керек болу мүмкін деген дағдыларды қалыптастыру мақсатында біліміңізді жетілдіріңіз. Артық ақшаны қыдыру мен киім, тамақ алуға жұмсағанша арнайы оқу курстарына, семинарлар мен тренингтерге жазылыңыз. Бұл шығындар бір уақытта сізге есесін қайтаратын болады. Сонымен қатар, болашақта жалақыңыздың өсіміне әсер етуі мүмкін.

Келешек жоспарларыңызға:
20 жас – ересек шақтың бастапқы баспалдағы. Бірнеше жылдан соң отбасын құрасыз. Егер, сол уақытта шығын көлемін азайтып, ата-анаңызға қолғабыс жасауды ойласаңыз, бүгіннен бастап қамданыңыз. Депозит ашып, артық ақшаларды сақтаңыз. Есесіне, кез келген қиындықтан сізді алып шығатын артық қаржы қолыңызда болады.

30 жаста тапқан табысыңызды қалай жұмсайсыз?

Отбасы қорын жинақтаңыз:
Енді сіз отбасылы адамсыз. Дағдарыс кез келген уақытта туындауы мүмкін. Сондықтан, балаларыңыз аш қалмау үшін қор жинақтаңыз. Оны банктердегі жинақ қоры арқылы іске асыруыңызға болады.

Жеке бизнес ашуға жұмсаңыз:
Негізі адамдардың көбі тәуелкелге бара бермейді. Бірақ, бизнесіңіз өрге жүзі үшін алдымен, шығынға батуыңызға тура келеді. Сонда ғана жетістікке жете аласыз. Егер, қартайған шағыңызда саяхаттап, еркін демалуды қаласаңыз, бүгіннен бастап іске кірісіңіз.

Денсаулығыңызға:
30 жастан асқан соң денсаулығыңыз сыр бере бастады. Сізге байқалмауы мүмкін, бірақ, барлық биологиялық үрдістердің жылдамдығы төмендейді. Сондықтан, денсаулығыңыз сыр берген жағдайда бармақ тістеп қалмау үшін ақшаңыздың бір бөлігін алып қойыңыз.

40 жаста не істейсіз?

Балаларыңызға:
Бұл жаста балаларыңыздың алды университет қабырғасын аттаған болар. Олардың өздерінің армандары мен мақсаттары бар. Сол армандарының шындыққа айналуы үшін сіздің көмегіңіз керек болуы мүмкін. Балаларыңыздың оқуынан ақша аямаңыз. Олар оқимын десе, белін буыңыз. Ешқашан «Ақша жоқ» деген сылтаумен, балаңыздың арманына балта шаппаңыз. Сондықтан, ақшаңыз артылып жатса, балаларыңыздың оқуына деп сақтап қойыңыз.

Саяхатқа:
Осы уақытқа дейін тер төгіп, тыңбай еңбек етсеңіз, енді демалатын уақыт келді. Қаржыңыздың бір бөлігін жинап, жарыңызды қасыңызға алып, саяхаттаңыз.

Артық шашылмаңыз:
Той, қонақ күту секілді артық шығындарды қысқартуға тырысыңыз. Барыңыз, араласыңыз. Бірақ, жұрт былай етеді екен деп өз жағдайларыңыздан артық шашылудың керегі жоқ. Оның орнына жоғарыда атап өткеніміздей, балаларыңызды тіл курсына, спортқа беріңіз. Есесіне, оның қайтарымы мол болады.

Үнемдеп үйреніңіз, орнымен жұмсап үйреніңіз. Бәрі сіз ойлағандай болады!