Батыс Африкада орын тепкен Того елінің азаматы бұзылған сканер мен компьютер қалдықтарынан және тағы басқа электрониканың лақтырылған қоқыстарынан толық жұмыс істей алатын 3D-принтер жасап шығарды.
Осы өнертабыстың иесі Коджо Афате Гникоу жеке ғаламтордағы парақшасына былай деп жазады:
«Технологияның дамуын бір сарынға салғанымыз жөн. Бұл ғаламдық процесте Африка тек бақылаушы ғана болмай, қатысуына да мүмкіндік берілсе, жаңа өндірістік төңкерістің орын алуы да ғажап емес».
Қазіргі кезде Гникоу ел астанасы Ломе қаласындағы WoeLab компаниясында жұмыс істейді. Жас азаматтың 3D-принтер жасауы компанияның тапсырысындағы жоба аясында болған. Оның негізгі жоспары Марсты зерттеуге қажет жаңа техникалық аппараттарды құрастыру болып табылады.
Сондай-ақ, Коджо айналасындағы электронды қоқыстың көмегімен кез келген техникалық аппаратты жасауға болатынын дәлелдегісі келді. Себебі Марсқа бағытталған зерттеу жұмыстары барысында қажет техниканың бұзылып қалуы немесе мүлде болмай қалуы мүмкін. Гникоу осындай жағдайда қолда бар техникалық құрылғылардан жаңа аппаратты жасауға мүмкіндік болатынын көрсетті.
Сурет: laptopsspecials1.blogspot.com