Осыдан бес жыл бұрын YouTube-ке жүктеліп, мегахитке айналған Gangnam Style клипі қаралу саны бойынша See You Again бейнебаянынан артта қалып қойды. Оңтүстіккореялық әнші Psy-дің танымал әні бірнеше жыл YouTube-те ең көп қаралған видеороликтердің көшін бастаған еді, деп хабарлайды Baq.kz.
Қазіргі таңда Гангнам Стайл бейнебаяны видеохостингте 2 894 738 325 рет қаралды. Алайда рэпер Уиз Халифаның әнші Чарли Путпен бірге жазған See You Again бейнеклипі Gangnam Style-ды басып озды. «Форсаж-7» фильміне түсірілген саундтректердің бірі болған See You Again YouTube-те 2 896 361 095 рет қаралыпты.
Энтузиастар бұл клиптің жалпы қаралу уақыты 21 759 жылды құрайтынын есептеп шықты. «Мен YouTube-ке 2007 жылы тіркелдім, ол кезде клиптің 10 мың рет қаралғанын армандайтынмын. Міне, осылай See You Again клипі жарыққа шықты», - дейді әнші.
Тыңдармандардың жүрегіне жол тартқан ән актер Пол Уокерге арналған. Пол Уокер «Форсаж» фильмінің жетінші бөлімі түсіріліп жатқанда қаза тапқан болатын.
Ютубке жүктелгеннен кейін алты ай ішінде бейнеклип бір миллиард рет қаралды, ал былтыр қыркүйекте қаралу саны екі миллиардқа жетті. Алайда сарапшылардың болжамынша, жақын арада Луис Фонсидің Despacito клипі көш басына шығып кетуі бек мүмкін. Аталған бейнеклип жарты жылдың ішінде 2,5 млрд рет қаралған.
Айта кетсек, YouTube-те ең көп қаралған 50 роликтің 47-сі – музыкалық клиптер.
Дереккөз: Baq.kz